Ұлттық банк Kompetenz қызметінен қандай заңсыздық байқалғанын хабарлады

Ұлттық банк бұл сақтандыру компаниясын не себепті лицензиясынан айырғанын түсіндірді.

Kompetenz АҚ сақтандыру компаниясы
Фото: 2gis.com

Kompetenz АҚ  лауазымды тұлғалары жасаған мәмілелерден сақтандыру компаниясынан активтердің үштен бірі мөлшеріндегі қаражатты шығару белгілері анықталды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл материалдарды Ұлттық банк құқық қорғау органдарына берді. Ұлттық банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, сақтандыру компаниясының қызметінен бұған дейін де заңсыздықтар анықталған.

Ұлттық банк басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы №10 қаулысында компания 2019 жылғы 1 ақпаннан бастап лицензияның қолданылуы бірнеше рет (соңғы 12 ай ішінде екі рет) тоқтатылғаны үшін “Сақтандыру қызметі туралы” заңда көзделген негіздер бойынша жалпы сақтандыру саласы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылды.

Бұған дейін Ұлттық банк Kompetenz АҚ-ға қатысты 2014 жылдан бастап жүйелі түрде мына шараларды қолданды:

2014 жылы – шектеулі ықпал ету шаралары – 6 рет, әкімшілік жаза түріндегі санкциялар – 41 рет;

2015 жылы – шектеулі ықпал ету шаралары – 10 рет, әкімшілік жаза түріндегі санкциялар – 1 рет;

2016 жылы – шектеулі ықпал ету шаралары – 7 рет, әкімшілік жаза түріндегі санкциялар – 11 рет;

2017 жылы – шектеулі ықпал ету шаралары – 9 рет, әкімшілік жаза түріндегі санкциялар – 69 рет, басшы қызметкерлерді шеттету – 1 рет;

2018 жылы – шектеулі ықпал ету шаралары – 9 рет, әкімшілік жаза түріндегі санкциялар – 33 рет, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру – 2 рет, жеке сақтандыру сыныбы бойынша лицензиядан айыру – 1 рет.

Компанияға қатысты қолданылған шаралардан ешқандай әсер болмағандықтан нормативтерді бұзу жиілігі мен ұзақтығын (2017 жылы бұзушылық 10 есептік күнге, 2018 жылы 7 есептік күнге жіберілді) ескере отырып, Ұлттық банк сақтандырудың жекелеген сыныптары бойынша лицензияны екі рет тоқтата тұрды және жүктерді сақтандыру сыныбы бойынша лицензиядан айырды, – деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық банк тұрақты негізде қаржылық орнықтылықты және сақтандыру нарығының ашықтығын қамтамасыз ету және жосықсыз қатысушыларға – сақтандыру компанияларына, сақтандыру брокерлеріне қадағалау шараларын қабылдау бойынша бойынша жүйелік шараларды жүргізеді. Соңғы үш жыл ішінде 4 сақтандыру компаниясы қайта ұйымдастырылып, лицензияларын ерікті түрде тапсырды.

Ұлттық банк қабылдап жатқан шаралар – қадағалау процесінің бір бөлігі және сақтандыруға деген сенімді арттыруға және сақтандыру нарығынан активтерді шығаруға жол бермеуге бағытталған, – деп түсіндіреді баспасөз қызметі.