Астанада қандай проблемалар шешілмей жатыр?

Астана қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов Астана халқы үшін қандай мәселелер өзекті екенін атады.

Жалпы Астанада 20 жылдың ішінде спорт немесе мәдениет нысандары болсын, тұрғын үй кешендері болсын, өркендеп, өз сипатына ие болды. Бұл ретте бірқатар мәселе шешілді. Алайда мен қала шетіндегі мекендер бойынша мәселе барын айтқым келеді. «Көктал», «Оңтүстік-Шығыс» ықшамаудандары болсын, ең алдымен инфрақұрылымға байланысты проблемалар әлі де көп. Қатты төсеніш төселмеген көшелердің жоқтығы тағы бар. Сумен қамту және канализация суын сорып сыртқа шығару турасында да мәселелер маңызды. Мысалы, «Оңтүстік-Шығыс» ауданының оң және сол жағының көптеген көшелерінде орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ, — деді Сансызбай Есілов Астана әкімдігінде өткен жиында.

Оның айтуынша, Астанада қоғамдық көлікке қатысты проблемалар да баршылық.

Бірақ ең басты мәселе — қаладағы мұқтаж адамдарға мемлекет тарапынан көмек көрсету. Міне, біз мысалы көпбалалы отбасылардың мәселесін көріп отырмыз. Мүгедектерде, жалғызбасты адамдарда да мәселе көп. Мен өзім қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Біз былтыр Астанадағы 14 мың зейнеткерді қамтып, сауалнама жүргіздік. Осы сауалнама арқылы 900 зейнеткердің мемлекет немесе қоғам тарапынан әлеуметтік көмекке мұқтаж екенін анықтадық. Ол зейнеткерлердің арасында жалғыз өмір сүріп жатқаны, төсекке таңылғаны, қаржылай болмаса да қоғам тарапынан ықыласқа мұқтаж қарттар бар. Ардагерлер кеңесі тарапынан осы себепті көмекке мұқтаж зейнеткерлерге кәсіпорындар көмектесе алатындай жұмыс жүргізіп отырмыз, — деді ол.

Сансызбай Есіловтың айтуынша, Астанадада Екінші дүниежүзілік соғыстың 76 ардагері тұрады.

Бұған дейін ол Астанадағы көпбалалы отбасылардың мәселесі туралы сөз қозғап, олардың баспана мәселесін жеке кезек бойынша шешу керек екенін мәлімдеген еді.

Мемлекет бұл мәселеге бет бұрады деген ойдамын. Қазіргі уақытта Үкімет жұмыс тобын құрып, аталмыш мәселені шешуді көздеп отыр. Көпбалалы отбасылардың ең алдымен баспана мәселесін шешу керек екені туралы бастаманы 100% қолдаймыз. Себебі бұл отбасылар күрделі материалдық жағдайымен қоса баспананы жалдап тұруға мәжбүр. 50-100 мың теңгеге кішкене ғана бөлме жалдап тұрады. Сол себепті көпбалалы отбасылардың ең алдымен баспана мәселесін шешу керек. Жетім балалар, соғыс ардагерлері санаты сияқты көпбалалы отбасылардың баспана бойынша жеке кезегі болуы тиіс. Себебі қазіргі уақытта Астанадағы баспана бойынша ортақ кезекте 46 мыңға жуық адам тұр, — дейді Сансызбай Есілов.

ДереккөзInform.kz