Үкіметке азаматтардың уақытша баспанада тұруына тыйым салатын заң жобасы енгізіледі. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин хабарлады.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда заң бойынша баспана иелеріне мүлкін әкімдіктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өз бетімен тіркеу қарастырылған.
Бұрын жемқорлық қаупімен байланысты мәселелер болды, жер инспекциясының, сәулетшілердің, газ қызметінің, төтенше жағдайлар қызметі бөлімшелерінің қорытындысы талап етілді. Біз одан бас тарттық, рұқсат алу жүктемелерін азайттық. Өкінішке қарай, нәтижесі былай болып тұр — теріс ниетті құрылыс салушылар, әсіресе, жеке секторда аумағына уақытша нысан тұрғызатындар оларды баспанаға мұқтаж тұрғындарға жалға беріп жатыр, — деді Юрий Ильин Үкіметте өткен брифингте.
Юрий Ильиннің айтуынша, уақытша баспана тұрғындарының қауіпсіздігіне өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтамай сондай үй салушылар да, оны жалға берушілер де, тұрғындардың өзі де бірдей жауапты.
Біз Үкіметке заң жобасын енгізу үшін, уақытша баспана мәселесін шешу үшін, оны халықтың пайдалануына тыйым салу үшін республика бойынша анализ жасаймыз, — деді Юрий Ильин.
Юрий Ильин Астанада бес баланың өліміне себеп болған өрт оқиғасына байланысты баспана қожайынына қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылып отырғанын айтты.
Еске салайық, 4 ақпанға қараған түні Астананың Сарыарқа ауданындағы «Көктал-1» ықшамауданында шағын үй өртенген еді. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылдары туған бес бала қайтыс болды.