Астана әкімі өрттен 5 бала қаза тапқан үйді дереу қалпына келтіруді тапсырды

Астанада бес баласы өртеніп кеткен отбасыға уақытша баспана беріледі. Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бақыт Сұлтанов «Көктал-1» тұрғын алабында болған қайғылы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді.

Осы жағдайға душар болған отбасына қайғыра көңіл айтамын. Қала басшылығы оқиға орнында болды. Қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккен отбасына қалалық әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сарыарқа ауданы әкіміне жерлеу рәсімін ұйымдастыруды және отбасына уақытша баспана беруді, жанған үйді тез арада қалпына келтіру үшін қаражат бөлуді тапсырамын, — деді қала әкімі.

Астана төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев осыған дейін «Көктал-1» тұрғын алабында өрт және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыс жүргізілгенін айтты.

ТЖД қызметкерлері профилактикалық шараларды жүргізу барысында да бұл үйге барып, олқылықтарды жою үшін ескертпе берген, — деді Марғұлан Аманбаев.

Бақыт Сұлтанов аудан әкімдері мен төтенше жағдайлар және полиция департаменттерінің басшылығына жеке сектордағы әр үйге барып, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіруді талап етті.

Бұл — сіздердің тікелей жұмыстарыңыз, әрқашан мен айтып отырмауым керек! Баяғыда жүргізу керек еді, міндетті түрде қайғылы оқиғаны күтесіздер ме?! Бұл — ТЖД-нің қатесі. Сіздер жеке секторда тұратын әр адамды тануыңыз керек, — деді ол.

Қала әкімі құзыретті органдарға болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауды тапсырды. 4 ақпанда түнде Сарыарқа ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында от шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй өртенген. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылдары туған бес бала қайтыс болды.