Бақытжан Сағынтаев
Бақытжан Сағынтаев ©Іnform.kz

Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильинге сөгіс жариялауды ұсынды. Тиісті ұсынысты Президент әкімшілігіне енгізуді ол ведомство басшысы Қалмұханбет Қасымовқа тапсырды.

Ішкі істер министріне ұйымдастыру және тәртіптік шараларын әзірлеп іске асыруды тапсырамын. Өрт қауіпсіздігі және оның алдын алу жұмысын тиісінше атқармағаны, бақылау  жүргізбегені үшін ІІМ орынбасары Юрий Ильинге сөгіс жариялау жөніндегі ұсынысты Президент әкімшілігіне енгізуіңізді тапсырамын. Өйткені ІІМ орынбасары Президенттің өкімімен бекітілген, – деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар ол өңірлердегі өрт қауіпсіздігі мен су тасқынынан қорғау жұмысында көңіл бөлуді талап ететін проблемалардың бар екенін баса айтты.

Сол себепті Ішкі істер министрлігі мен әкімдерге тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі мәселесін жылу маусымының соңына дейін бақылауды тапсырамын. Тұрғын үй алабындағы өрттің алдын алу жұмысын жалғастыру  қажет. Әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасылармен мүгедектер мен қарттар тұратын үйлер жіті назарда болуы тиіс, – деді Премьер-министр.

Премьер-министр ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккерге және Астана төтенше жағдайлар департаментінің міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевқа да қатаң сөгіс жариялады. Ал Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Марат Тұзақбаевты қызметінен босатты.

Еске салайық, 4 ақпанға қараған түні Астананың Сарыарқа ауданындағы “Көктал-1” тұрғын үй алабында жеке үй өртенді. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылдары туған бес бала қайтыс болды.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!