Қобыз – жылқының оншақты қылын қосып иірілген, қос ішектен тұратын ерекше үнді аспап. Ол ағаштан ойылып жасалып, астыңғы бөлігі терімен тартылған жарты шардан тұрады. Қобыздың өзге аспаптардан айырмашылығы – онда жоғарғы дека жоқ. Астында тірек ретінде сүбіге ұқсас роль ойнайтын шығыңқысы бар. Қобызды да виолончель сияқты екі тізе арасына қысып, арнайы ысқыны ішектерге тигізіп ойнайды.

Қобыздың негізінде қырғыздарда – қыйяқ, монғолдарда – моринхур, тувалықтарда – игил, алтайлықтарда – тошпулуур аспаптары пайда болды.

Ал қытай халқы IX-XIV ғасырларда қобызға ұқсас эрху аспабын ойлап тапты. XII ғасырда қобыздың негізінде араб ребабы пайда болды. Болжам бойынша ребабтан кейін Еуропада ысқы аспаптарының тобы ребек және фидель шыққан. Орта ғасырдың аяғында ребек және фидель еуропалықтардың өміріне мықтап еніп, оңтүстік славян халықтарында гадулка пайда болады. Бұл аспапты барлық мейрамдар мен шіркеулік іс-шараларда кеңінен қолдана басталды. Осы аспаптардың уақыт өте дамып, жетілуіне байланысты өмірге виол және скрипка келді.

қобыз
Фото: Baribar.kz

Қобыздың пайда болғанына 10 ғасырдан астам уақыт болды. Бір кездері ол бақсылық құралы да болған.

ХХ ғасырда қобыз шамандықтың аспабы ретінде қолданудан тыс қалды. Батырлар жырын орындаушы жыршылар көбіне домбыраны қолданатын болды. Біраз жылдар бойы әкеден балаға мұра болған қасиетті қобыз бен оны ойнау шеберлігі ұмыт қалып барады.

қобыз 3
Фото: Baribar.kz

Дегенмен тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қобызға деген қызығушылық артып, қолдану аясы кеңейді. Қазір өнерпаздар қазақы музыкалық орындауларында қобызды да оркестрге қосып, әлем елдерін таңқалдырып жүр. Жаппай Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаев тәрізді қобызшылар қасиетті қобыздың музыкалық сарынын сақтай отырып, оны алғаш эстрадаға қосты. 1968 жылы Алматы консерваториясында ашылған қылқобыз сыныбына бірінші сабақ берген де осы екі азамат болатын.