Сіз қазақтың ырымдарына сенесіз бе?

Ырым-тыйым арқылы бала тәрбиелеу, жат әдеттерден тыю, қауіп-қатерлерді ескерту және ұлтымыздың рухани кеңістігінде әлі күнге дейін сақталып келе жатқан тарихи, этномәдени, әлеуметтік мәні те­рең дүние. Кейбір ырым-тыйымдар бағзы замандардағы шамандық, тәңірлік наным-се­німдердің сипаты, белгісі ретінде де көрініс беріп жатады. Қалай дегенмен, ырым-тыйым­дарды халқымыздың ұлттық болмысынан бөле-жара қарауға болмайды.

Ырымға сену керек пе, әлде сенбеу керек пе деген сұраққа нақты жауап жоқ. Ырыммен қатарлас жүретін тұмар тағу, аластау, бақсылықпен емдеу, жауырынға қарап болжау, құмалақ салу сияқты дәстүрлі ұлттық ерекшеліктер көне түркі мәдениетіне ортақ құндылықтар деп саналады. Мысалы, қазақтың ырым-тыйымдарының астарында сан түрлі тақырыпты қамтитын мәдени-этикалық тәрбиелеу таңбалары жатыр. Осы орайда біз ырым-тыйымдар туралы сөз ете отырып, оның қыр-сыры, мәні мен мағынасы туралы, қандай мақсатпен айтылып, орындалатыны жайында білетін боламыз.

Балаларға арналған ырым-тыйымдар:

  • Бала бас ұстамайды. Егер бала бас ұстаса әкесі өліп қалады деп тыйым салған.
  • Сәби тоңқайып екі аяғының астынан қараса, күткен жолаушы келеді немесе қонақ келеді дейді.
  • Жас балаға бұғана ұстатпайды, онда бойы өспей қалады деп жорыған.
  • Қыз балаға жілік ұстатпайды. Ұстатса күйеуге шықпай оң жақта көп отырып қалады дейді.
  • Бала алғаш жолаушы шыққанда той жасайды.
  • Сәби көзін ашып ұйықтаса — жары сұлу болады.
  • Сәби шалқасынан алаңсыз ұйықтаса, елге белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп ұйықтаса, уайымшыл, жігерсіз болып шығады. Етпетінен жатып ұйықтаса, ойшыл болады. Егер аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса — болашақ батыр, кемеңгерліктің белгісі.
  • Баланың желкесі шұқыр болса, немесе желкесінен сүйсе кесір болып өседі.
  • Сәбиге көз тимес үшін күйе жағып қояды.
  • Кішкентай бала табаққа аяғын салса – тоқшылық белгісі.
  • Баланы қырқынан шығарып ит көйлегін ауыстырғанда оны бойына бала бітпей жүрген әйелдер арнайы сұрап алатын ырым бар. Оларға баланың анасы ит көйлекті бүтіндей бере салмай, жыртып береді. Баланың тісі түскенде оны кесек ет, май немесе бауырсаққа қосып, тісі иттің тісіндей өткір, мықты болсын деп итке асатады. Сонымен қатар көктей болып өссін деп түскен тісті жеміс ағашының түбіне көмеді, таудай болсын деп тауға қарата лақтырады. Бала тісі періште бұйымы ретінде есіктен кіретін түрлі пәле-жала, қаскөй күштерден қағып тұрады делініп, есік жақтауы арасына да қыстырылады.
  • Бала еңбектей бастағанда бауырын жерден тез көтерсін деп бауырынан табақ өткізеді.
  • Бала босағадан кіріп келе жатып, сүрініп кетсе, «олжа келді, олжа келді, олжасын көтере алмай келе жатыр, төрге аунат, олжа төрге жұқсын» деп ырымдап, үлкендер баланы төрге апарып аунатады.
  • Біреу әңгіме айтып отырғанда сәби түшкіріп қалса, шын айтқаны деп ойлайды.
  • Аты сүріншек болады деп балаға төстің сүріншегін жегізбейді.
  • Бала қаспақ жесе, оның үйлену тойында жаңбыр жауады.
  • Баланың мойынын тез және түзу бекісін деп оның шілдеханасына сойған қойдың мойын омыртқасын тұтасымен асып, тесігінен шыбық өткізіп кептіріп қояды.
  • Шала туылған баланы тымаққа салып, неше күні кем болса сонша күн кереге басына іліп қояды.
  • Сәби қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйде той болады.

Төрт түлікке, жануарларға қатысты ырым-тыйымдар:

  • Мал сатқанда оны ноқтасымен не бас жібімен бермейді, малдың басы кемиді деп ырымдайды.
  • Мал төлдеп жатқанда ешкімге мал бермейді, сатпайды және айырбастамайды.
  • Мал үшеу не төртеу (үш не төрт төл) туса, олардың біреуін бауыздап, босағаға көмеді.
  • Сойылған малдың қанын төрт түлік (әсіресе, сиырдың) көзінше төгуге болмайды – сүтінен айырылады.
  • Малдың алдынан бос ыдыспен шықса – сүті азаяды.
  • Сиырдың желіні іссе – таңертең ерте кебіспен ұшықтайды.
  • Ит ұлыса – шаңырақта жаманшылық болады.
  • Қарғалар тобымен шуылдап ұшса – қыста күн суытады, жазда ауа райы өзгереді.
  • Үкі түнде ауылдың сыртынан шақырса – ауылда көп кешікпей өрт, қайғылы жағдай болады, үкісін жұлып алып, бойтұмар етіп сақтаған адам қатерге ұшырамайды.
  • Егер тауық ұясына ерте қонақтаса – жауын-шашын болады, бір аяғын бауырына алып, ұзақ тұрса – күн суытады.

Келін, әйел затына арналған ырым-тыйымдар:

  • Жаңа босанған әйел үйге кірген итті қумайды ­– егер қуса, тістері түсіп қалады.
  • Келін түн ішінде суға бармайды, кір жаймайды. Себебі шошыма ауруына ұшырауы мүмкін.
  • Жүкті әйел ара, қайшы ұстамайды – мерзімінен бұрын босанады.
  • Аяғы ауыр әйел қоян етін жемейді, жесе баласы қоянжырық болып туылады.
  • Келін төрге шықпайды – төр қонақтың немесе отағасының орны.
  • Аяғы ауыр әйел түсік тастамас үшін – етегін түйіп қояды.
  • Аяғы ауыр келінге ырымдатып отқа май құйғызғанда, от ағарып ұзын жанса – ұл бала болғаны, қызарып жанса – қыз бала болады деп ұғынған.
  • Толғақ жетпей тұрса, май ұзарып жанады.
  • Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы ұйып қалса, ол жүкті екен деп ырымдайды.
  • Жаңадан қайнатқан сабынды жоғары қойса, oл үйге түскен келін өркөкірек болады.
  • «Ескі салт бойынша ер жігітке тиген оқты денеден шығару үшін жаралының үстінен әйелдерін үш мәрте аттататын. Бұл ырым бойынша зинақорлық жасамаған, күйеуінің көзіне шөп салмаған әйел оқ тиген жаралы адамның үстінен аттап өтсе, ауру жазылады, егер аттаған әйел зинақор болса, дерт меңдеген адам табан астында өледі деп түсінген».
  • Келінге баланы көтеру мерзімі ұзаққа созылады деп түйе етін, сақау болады деп ырымдап балық етін жеуге тыйым салған.
  • Жүкті келін арқан аттамайды, aттaсa бaланың кіндігі мойнына оралып қалады.
  • Жүкті келіннің күні жақындаған кезде «Жер Ана қyат бер» деп жaлаңаяқ жүргізеді.
  • Баласы кіндігіне оралып қaлады деп екіқабат әйелгe ине-жіп ұстатпайды.
    Келіннің босанар кездегі толғағы басталғанда қазақы ырымда «белден кеміріп жеп» (қатты ауыруы), қуықтың басына қарай тартып ауыртса ұл табады деп ырымдаған. Ал бала қыз боларда толғақ ке­рісінше, төменнен басталып белге қарай ауысады деп топшылаған.
  • Өлген адамды жоқтап жы­ла­ғанда, әйелдер шашын жайып жіберіп жыласа, ішіндегі шері тарқайды деп ырымдалған.
  • Әйел ешуақытта еріне қол жұмсамауы керек, күш көрсетіп, таяқ ала жүгірмейді немесе сес көрсетпеуі тиіс. Ұрысқанда тілдеп, бетке түкірмейді. Бұлай істеген әйелдің ақ некесі бұзылады, өзінен-өзі талақ болады деп ырымдалады.
  • Қазақ әйелдері өзінің басына салып жүрген жаулығын басқаларға бермейді. Олай етсе басымдағы бақ басқаға көшеді деп ырымдайды.
  • Жерік болған әйел жерік асын жеуі керек. Жерігі қанбаған әйелдің баласы су ауыз болып туады, ондай бала суайт болады деген ырым бар.
  • Ене келін түскен кезде ұл немерелі болу үшін оған ырымдап алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізеді. Жүкті әйел болса, біреудің үйіне өз дастарқанынан апарған дәмді «қыз тауып қоям» деп жемейді.
  • Жүкті әйел шашын кеспейді. Өйткені мұндай қылықтан бақ таяды, іштегі баланың бақыты кемиді, кемтар болып туа­ды, қол-аяғы қысқа болады деп ырымдалады.
  • Үлкен кісілер қонақта болған үйден келініне дәм әкеліп береді. Өйтпесе, дәметкен балалы жас келіншектің төсі ісіп кетеді.

Тағамға арналып айтылатын ырым-тыйымдар:

  • Қызға кәрі жілік ұстатпайды – оң жақта көп отырып қалады.
  • Балаға ми жегізбейді – былжыр, ынжық болады.
  • Ішіп отырған шайға сама түссе – қонақ келеді.
  • Ас ішіп болған соң «тойдым демейді», «қанағат» деген жөн.
  • Тұзды бейберекет шашпайды, астың иманы – тұз деп қарайды.
  • Егiннiң тұқымы үшiн бiреу қарызға дән сұраса ренжiмей бередi, дәндi адам емес, қара жер тiлеп жатыр деп ырымдайды. Қазақ танымында ақ өнімдері, яғни ағарған жақсылықтың нышаны, пәктіктің, тазалықтың символы ретінде қалыптасқан. Сондықтан ағарғанға қатысты ырымдар өте көп. Мысалы, байқаусызда ақты төгіп алса, саусағын батырып, маңдайына жағу ырымын жасаған. Сосын аяққа басылмас үшін жақсылап тазалап, сүртіп алатын болған. Ақты аяқасты ысырап етпеген.
  • Дәм үстіне келіп қалған адам немесе бір нәрсені сұрап, анықтап білуге кірген адам асығыс болып, дәмге қарамайтын жағдайда дәмнен үлкен еместігін білдіріп, қандай да бір дәмнен ауыз тиіп шығады.
  • Жерге құт дарыту ырымын жасайтын қариялар жерге алғаш себілетін дәнді екі бұтының арасынан өткізіп, бісміллә деп лақтырады.
  • Бiр жылда адамның көптеген арман тiлектерi орындалып, мақсатына жетiп, табысқа кенелсе, сол жылды құт жылы санап ерекше еске алады. Осы жылы құт-береке ортаймасын деген ырыммен сол жылдың атауы болған жануардың басына ақ құйып, ырым жасайды. Сол сияқты үйге кірген жыланды өлтірмей, басына сүт, айран, құйып шығару ырымы да бар. Бұл жерде ақ тағам – таза пиғыл, ақ тiлеудiң, жақсылыққа жорудың символы. Сонда, жыланның басына ақ құю оны перiштеге балауды бiлдiргенi болып шығады. Кейде тіпті үйге кірген жыланды өлтірмей, басына ақ құю жамандыққа жақсылықпен жауап берудің белгісі деп санаған.
  • Иегің қышыса бір жерден дәм татасың.
  • Егер өздері әкелген сыбаға немесе тамақтан жесе, ол үйдің әйелі қыз табады дейді.

Үй тұрмысына қатысты ырым-тыйымдар:

  • Түнде сандықты ашпайды – біреу-міреу өледі ( өте қажет болған жағдайда «жылан кіріп кетті» деп айтып ашады).
  • Түндікті бақанмен тіреп қоюға болмайды – жау шақыру деген ырым.
  • Жанып тұрған шырақты үрлемейді – адам ұмытшақ болады.
  • Шәугімнің шүмегін есікке қаратып қоймайды – ырыс-несібе кемиді.
  • Есіктің босағасын керуге, табалдырығында тұруға болмайды – жау шапқанда ғана үй иелері босағаны керіп, табалдырықта тұрған.
  • Киіз үйде құмырсқа көбейіп кетсе – жылқының екі тезегін уыққа іліп қояды.
  • «Тәңірден тілеп алған» сәбиінің екі аяғына ата-анасы ырымдап, баланы «тіл-көзден, түрлі пәле-жаладан қорғайды» деп қымбат бағалы металдан білезік соқтырып тағып қояды.
  • Ертеде қазақтар дертке шалдыққан адамды көне наным-сеніммен, «ки­елі ағашқа» апарып, басына сыйынып, ырым етіп ақтық (шүберек) байлаған, науқас адамды дерттен арылтуға ниет еткен.
  • Бiтеу iреп сойылған мал терiсiнен жасалған долық дейтін бітеу ыдысты молшылықтың нышаны санаған қазақ «үйге кірген ырыздықты «бітеп», шығармай тұрады» деп сенген. Мұндай бітеу малдың терісінен жасалған тұлып тәрізді ыдысқа ас-тағамның берекесі саналатын, дәмін келтіретін тұз бен молшылықтың белгісі астық сияқты заттарды ырымдап салып қоятын болған.

Әр түрлі жағдайда айтылатын ырым-тыйымдар:

  • Бас киімді теріс қаратып киген жаман істің белгісі.
  • Қалы үлкейіп кетпесін деп қалымен туылған баланы Қалдыбай, Қалдыгүл деп атайды.
  • Пәле жаладан аулақ болсын деп жаңа үйленген жастарды арша түтінімен ыстайды.
  • Өреден жас құрт алып жесе, жаңбыр жауады.
  • Өліктің денесі оралған кілемді түнде жұлдызға қаратып жайып барып пайдаланады.
  • Шашалған адамға «мал қап» дейді.
  • Ет турағанда бір кесек ет қалып қойса, ет тураушыға өтірік айтатының бар екен дейді.
  • Біреу қайтыс болды деп ескертіп, кейін ол тірі болып шықса, «көп жасайды екен» деп ырымдайды.
  • Несібесі көп, дастарханы мол болсын деп жаңа үйдің босағасын маймен майлайды.
  • Жиенді ұрса, қолы қалтырайды деген ырым бар.
  • Қазақ басымыз көбеймейді деп адам санамайды.
  • Алыс жолға шыққан адамдар қарашаңырақтан немесе үлкен кісінің үйінен дәм татып аттанады.
  • Қазақ жек көрген немесе көрмеймін деген адамының артынан бір уыс топырақ шашады.
  • Біреудің үйі өртенсе, оның арты жақсылық болады деп ырымдайды.
  • Жаңа айды көргендер «жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп бата жасап, ырымдайды.
  • Егер бір үйде қыз туа берсе, келесі баланы ұл болсын деп оған ұлдың атын қояды.
  • Егер ауыздық шықса, жүгеннің ауыздығымен емдейді.
  • Көп жасаған немесе жақсы адам қайтыс болса, оның киімдері мен тұтынған заттарын ырым етіп бөліп алады.
  • Адам басы кемиді деп бөтен адамға бас киім бермейді немесе айырбастамайды.
  • Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.
  • Аспаннан ағып түскен жұлдызды көргенде қазақтар «менің жұлдызым жоғары» дейді.
  • Адамға немесе малға біреу сұқтанып қараса, «көзің тиеді» деп түкіртеді.
  • Балықтың құйрығын ұстаса, ауға балық түспейді.
  • Ойынға ашуланған адамның басы таз болады.
  • Бейуақытта ұйықтаған, жылаған жаман болады.
  • Қолды жуғаннан кейін оның суын сілікпейді, орамалмен сүртеді.
  • Қазақ «сәтті күн» деп істі сәрсенбі күні бастайды.
  • Көзге теріскен шықса, саусақ арасынан қол шығарады.
  • Мысыққа тамақ бергенде «ертең ұмытып кетесің» деп маңдайынан шертіп береді.
  • Қайғылы, қазалы хабарды есірткенде немесе жаназаға шақырғанда ғана атпен шауып келіп шеткі үйге хабарлайды. Ол үйдің иесі басқаларға хабарлауы тиіс.
  • Егер жақын адамның пышағы өте ұнаса, оны ұрлап немесе сатып алады.
  • Ауыл ішіне атпен шауып келген жаман ырым.
  • Егер сүйінші сұраса шауып келуге болады. Бірақ «сүйінші, сүйінші» деп айқайлап келуге тиіс.
  • Жұма күні кір жума — әруақтар ренжиді.
  • Ақты (сүтті, айранды) төксе, малдың желіні кетеді.
  • Пышақтың жүзі шалқасынан жатса, сол үйдің малы пышаққа ілінеді.
  • Егер киіз үй сыртына ит сарып кетсе, құт келеді деп жақсылыққа телиді.
  • Адам құлағы шуылдаса, жанындағы кісіден «қай құлағым шуылдады?» деп сұрайды. Ол дәл тапса, «мені біреу мақтап жатыр екен» дейді. Таба алмаса, «жамандап жатыр екен» дейді.
  • Жаңа туған ботасы бар үйге қызыл жалау байлап қояды. Мұны көргендер атпен, көлікпен қатты жүріп келмейді. Қатты келсе, бота шошып өліп қалады деп ойлаған.
  • Қазақ сейсенбіде жолға шықпайды, іс, жұмыс бастамайды, көшіп-қонбайды.
  • Жолаушыға «қайда барасың» демейді, «жол болсын» дейді.
  • Шөбересінің алақанына су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.
  • Тіл ұшын жесе, сүйреңдеп сөйлей беретін болады деп ырымдаған. Таңдай жесе, шешен болады.