Әділет Сапарғали ағылшын тілінде еркін сөйлеп, желіде қазақ мәдениетін көпшілікке таныстырып жүр. Ол — Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Балуан ауылының тумасы. 2025 жылы Еуразия ұлттық университетін туризм мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір Түркияның Сакара қаласында оқуын жалғастырып жүр.
Желіде тараған ерекше бейнежазбасынан кейін Baribar.kz тілшісі Әділетпен сұхбаттасты.
«Бейнежазбам бір миллион реттен аса қаралды деп ойламадым…»
Әділет Сапарғали әлжелідегі видеосы арқылы шетелге қазақ мәдениетін таныстырып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін көрсеткісі келген. Кейіннен бейнежазбаны көрген желі қолданушылары ағылшын тілі туралы сұрақ қойып, пікір жазған. Нәтижесінде Instagram желісіне жариялаған жазбасы бір миллион реттен аса қаралған. Қазір Әділеттің парақшасында 34 мыңнан астам оқырман бар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мақсатым – жерімізді, елімізді көрсету. Әлемдегі өзгерісті, табиғаттың жай-күйін, климат жағдайын, әсіресе ауылдағы тыныс-тіршілікті халыққа жеткізгім келеді. Кей ауыл дамып жатса, енді бірі жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Сонымен қатар мәдениет, дәстүр, қолөнеріміздің біртіндеп жоғалып бара жатқаны алаңдатады. Осындай мәселені көрсетіп қана қоймай, елдің бай мұрасын, табиғатын әлем жұртына таныстырып, қоғам назарын аударғым келеді, – дейді Әділет.

Саяхатты жаны сүйеді
Әділет мамандығын өмірдегі мақсатына сай таңдаған. Сұхбат барысында АҚШ-та, Ресейде, Сауд Арабиясында, Өзбекстанда, Гүржістанда, Қырғызстан мен Кавказ елінде болғанын білдік. Барлық саяхатының ішінде Қытайдың Құлжа қаласы есінде ерекше қалғанын айтты.
Қанша қала көрсем де, есімнен кетпесі Құлжа болды. Тұмса табиғаты, қазақ тілінде еркін сөйлейтін халқы баурап алды. Мұнда қытайша, ағылшынша сөйлеудің қажеті жоқ. Қырдағы қазақ халқы мәдениетімізді дәріптеп, ұйғыр жұрты ас-ауқатын ұсынып әр жанды күтуге дайын. Құлжада өткен төрт күнім аздық етті. Алматыға жақын ғой, тіпті визасыз режим бар. Сондықтан сәті түссе әр адам бұл қалаға барып көруі керек, – дейді кейіпкеріміз.

Қазір Әділет Моңғолияда жүр. Бұл елден алған әсері ерекше.
Бөтен болсам да мұндағы қазақтардың маған жылы шырай танытқаны таңғалдарды. Көбі ақы сұрамай-ақ үйіне шақырып, ел аралатты, дастарханынан дәм татқызып, өз үйінің бір мүшесіндей қабылдады. Осындай ықыласты көріп ерекше әсер алдым. Өкінішке қарай, Моңғолия қазақтары Қазақстанға жиі келеді, біз оларға сирек барамыз. Кейде оларды «моңғол», «оралман» деп келемеждейтіндер бар. Бұл дұрыс емес. Қай жерде өмір сүрсе де, біздің қанымыз бір. Мені құшақ жая қарсы алып, құрмет көрсеткен барша жанға шын жүректен алғысымды айтамын, — дейді Әділет Сапарғали.

Шетелдегі қазақ диаспорасының жағдайы әртүрлі
Әділеттің айтуынша, тек Моңғолиядағы қазақ мәдениеті тұғырынан таймаған. Салыстырмалы түрде Қытайдың Іле аймағында жағдай қиын. Балалар қазақ тілін біле бермейді, арасында сөйлегісі келмейтіндері де бар. Мұнда ұлт мәдениеті ақсап қалған. Алтай аймағында жағдай сәл тұрақты. Дегенмен жастардың есіл дерті Қытайға ауып барады.

Әділет ағылшын тілін қалай үйренді?
Жұрт талдап, жарыса пікір жазған бейнежазбасының ерекшелігі қазақы болмысты ағылшынша сипаттайтыны еді. Әділеттен ағылшын тілін қалай үйренгенін сұрадық.
Ағылшын тілін алты жыл бұрын пандемия кезінде басынан бастап үйрендім. Алғашында қарапайым мобайл қолданбаға жүгіндім. Екі жылда A1-ден B2 деңгейіне дейін көтерілдім. Университетте де тіл үйренуді жалғастырып, C1 деңгейіне жеттім. Кейін АҚШ-та төрт ай тұрып қайтқаным да айтарлықтай көмектесті, – дейді Әділет.
Ол орыс және түрік тілінде де еркін сөйлейді, аздап испанша да біледі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Дүниетанымың кеңейгенін қаласаң, тіл үйрен!»
Қай елге барсам да, жергілікті тілді үйренуге тырысамын. Тіл – адамға құрмет көрсетудің және мәдениетті түсінудің ең маңызды жолы. Осының арқасында жаңа адамдармен таныстым, түрлі ортаға бейімделдім, тіпті табыс тауып жүрмін. Бұл адамның дүниетанымын кеңейтіп, әлемге басқа көзбен қарауға үйретеді», – дейді замандасымыз.
Әділет жастардың ел асып, басқа халықтың мәдениетімен танысқанын қалайды. Оның ойынша, тек осылай өз еліңнің қадірін түсініп, туған жерді бағалауды үйренесің. Әңгіме соңында қатарластарына білім алып, саяхаттап, тіл үйренуге кеңес берді.
***
Тағы оқыңыз:
Нағыз патриот. Қазақ тілін үйреніп жүргендерге орта қалыптастырған Алексей
