Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада жүлдегері Денис Теннің өлімі бойынша іске қатысты сот үкімі шықты.
Арман Құдайбергенов кінәлі деп танылып, оған қауіпсіздігі жоғары мекемеде 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін. Нұралы Қиясов кінәлі деп танылып, оған қауіпсіздігі жоғары мекемеде 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін, — деді судья Кеңшілік Әбделденов.
Жанар Толыбаева да кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
Арман Құдайбергенов ҚР Қылмыстық кодексінің «Алдын ала сөз байласып, топ болып жасалған ұрлық», «Алдын ала сөз байласып, топ болып жасалған қарақшылық», «Алдын ала сөз байласып, топ болып жасалған кісі өлтіру», Нұралы Қиясов «Алдын ала сөз байласып, топ болып, қару қолданып жасалған қарақшылық», «Алдын ала сөз байласып, топ болып жасалған кісі өлтіру» баптары бойынша сотталды.
Жанар Толыбаева ҚР ҚК «Алдын ала сөз байласып жасалған ұрлық» бабы бойынша ақталып, «Қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовтан мемлекет пайдасына 1 860 520 теңге тәркіленеді. Арман Құдайбергенов жәбірленуші тараптың пайдасына тағы 510 634 теңге төлеуі тиіс.
16 қаңтарда сот процесі аяқталу кезеңіне таяп, тараптар қатар тыңдалғаннан кейін сотталушыларға соңғы сөз берілген еді. Арман Құдайбергенов қылмысқа ойламаған жерден барғанын айтып, Денис Теннің анасынан кешірім сұрады, өзінің іс-әрекетіне қатты өкінетінін мәлімдеді. Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева да жәбірленуші тараптан кешірім сұрады.
Бұған дейін прокурор Қуандық Досов судьядан Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовқа 20 жылға дейін, аяғы ауыр Жанар Толыбаеваға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған еді. Сонымен бірге ол алдыңғы екеуінен Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 30 АЕК және Жанар Толыбаевадан 20 АЕК көлемінде қаражат тәркілеуді талап етті.
Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда қаза тапты. Тергеудің мәліметінше, спортшы автокөлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның әрекетінің үстінен түскен. Көліктен айнаны Арман Құдайбергенов ағытқан, Денис Тен оны қуып жетіп төбелесе бастағанда Нұралы Қиясов спортшыға екі рет пышақ салады. Жанар Толыбаева бұл кезде автокөліктен 7 метр жерде тұрған. Денис Тен ауруханада қайтыс болды.