Қазақстанда қылмыс құрбандарына қашан өтемақы беріле бастайды?

2018 жылғы 1 шілдеден бастап, «Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы» заңның қылмыстық құқықбұзушылықтар жасаған тұлғалардан мәжбүрлі түрде төлем өндіруге қатысты нормалары күшіне енді. ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров қорға төлем алуды қамтамасыз ету туралы нұсқау берді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмыстан жапа шеккендерге қажет материалдық көмекті жылдам көрсетуге бағытталған институт Қазақстанда тұңғыш рет құрылып, іске кірісіп отыр.

Қордан өтемақы біржолғы қаржылай төлем түрінде беріледі. Бірақ зардап шеккендер иеленетін өтем осымен шектелмейді, олар қылмысқа кінәлі тұлғадан басқа да шығындарды өндіре алады.

Әлемдік тәжірибе мен Еуропаның шығын өндіру туралы конвенциясы бойынша өтемақы зорлық-зомбылық қылмыстарының құрбандарына төленеді.

Төлемдер: 

  • жыныстық зорлықтың кәмелетке толмаған құрбандарына;
  • адам саудасының немесе азаптаудың құрбандарына;
  • қылмыс салдарынан денсаулығына ауыр нұқсан келген немесе СПИД вирусы жұққан адамдарға;
  • жәбірленуші қайтыс болған жағдайда оның заңды өкіліне беріледі.

ҚР Қылмыс кодексінің барлығы 46 бабы бойынша 124 жағдайда қылмыс құрбандарына өтемақы төлеу қарастырылып отыр.

Өтемақы қылмыстан материалдық жағынан зардап шеккенімен қылмыстың ашылмауына немесе айыпты тұлғаның соттан жасырынып жүруіне байланысты жәбірленуші шығын өндіре алмаған кезде төленеді.

Заң бойынша қорға қаражат жинау мерзімі екі жыл деп қарастырылған, содан кейін, яғни 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап, өтемақы төленеді.

Мәжбүрлі төлем соттың айыптау үкімі шығарылған барлық кінәлі тұлғадан өндіріледі. Мәжбүрлі түрде өндірілетін төлем көлемі — 5-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін. Қорға қылмыстық іс жүргізуді бұзғаны үшін сот бекіткен шығын төлемдері мен түзеу жұмысы жазасын алған сотталғандар төлейтін сома да аударылады. Қорға жылына 1 миллиардтан астам сома аударылады деп шамаланып отыр.

Бас прокурор 2018 жылдың 26 шілдесі күні қылмыстық қудалау органдарының бәріне жаңа заңның қорға қаражат өндіруге қатысты талаптарын бұлжытпай орындау туралы арнайы нұсқау берді. Аумақтық прокурорлардың барлығына соттардың сотталған тұлғаларға қарастырылған өндіру шараларын қабылдау туралы шешім шығару заңдылығын қамтамасыз ету тапсырылды.

Бас прокуратура қорды қалыптастыру мен оның қаражатын пайдалану мәселесін тұрақты бақылауда ұстайды.