Айыпталушы Нұралы Қиясов: Денис Тен бізден қорықпады

Айыпталушы Нұралы Қиясов мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді өлтіргенін мойындап, оқиғаны баяндап берді. Бұл туралы Sputnik Казахстан тілшісі сот залынан хабарлады. 

Нұралы Қиясов екінші айыпталушы Арман Құдайбергеновпен 2018 жылдың ақпанында танысқанын айтты. Ал үшінші айыпталушы Жанар Толыбаевамен оқиғадан бірнеше күн бұрын танысқан. Қиясовтың айтуынша, оның Мансура есімді құрбысы бұдан аяғы ауыр болып қалған. Соған көмектесу үшін қаражат қажет болған.

18 шілде күні шамамен 17.00-де үйге келдім. Үйде Жанар, ағам әйелімен және Арман болды. 18.00-ге таман Жанар моншаға кетті. Арманмен оңаша қалып, одан ақша сұрадым. Мансураға дәрі-дәрмек алу үшін, коммуналдық қызмет төлемі үшін қаржы керек болды. Бірақ Арманда ақша болмады, — деді Нұралы Қиясов.

Айыпталушының айтуынша, 19 шілдеге қараған түні Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов пен Жанар Толыбаева дүкенге барады. Құдайбергенов дүкенге кіріп, пышақ сатып алады, қалған екеуі сыртта қалады.

19 шілде күні біз жалдап тұратын пәтерден шықтық. Мен қаланы білмеймін, сондықтан Арман қалай жүру керек екенін айтып отырды. Біз тұраққа қойылған үш машинаны көрдік, Арман осы машиналардың айнасын алуға болатынын айтты. Ол маған «көлікте отыр» деді, бірақ мен оның соңынан шықтым. Қарағым келетінін айттым. Оның соңынан Жанар да шықты, — деді Нұралы Қиясов.

Айыпталушының айтуынша, жол бойында ақ автокөлік тұрды. Арман Құдайбергенов сөмкені Қиясовқа беріп, өзі қолғап киеді де, көліктің сол қапталындағы айнаны ағытып алады. Қиясовтың айтуынша, бұл кезде төңіректе адам көп болған, айнаны сөмкеге салғаннан кейін жиектасқа отырып темекі шегіп жатқанда төбелес басталғанын көрген.

Арман екінші айнаны ағытып үлгерді. Мен шамамен жеті метрдей жерде тұрдым. Сонда автокөлік иесі келіп қалғанын ұқтым, мен оны көрмей қалыппын. Мен машинаның артында отырған едім, ал төбелес алдыңғы жағында болды. Төбелесті Денис Тен бастады, содан кейін Арман белбеуін шешіп, оны ұра бастады, — деді Нұралы Қиясов сотта.

Қиясов Құдайбергеновтің спорт алаңына қарай жүгіріп кеткенін көреді. Денис Тен оны қуып жеткен.

Куәгерлер мені оның соңынан қуды деп жатыр, мен соңынан қумадым. Мен Арман қашып кетеді деп ойладым да, тротуарда отыра бердім. Денис Тен ұрғаннан кейін Арман Құдайбергенов тордың жанына құлап қалды. Мен артынан келіп, Денисті қолынан итеріп жібердім. Қолымда сөмкеден алған пышақ болды. Пышақпен оны қорқытам деп ойлаған едім, бірақ ол кісі қашпады, қорықпады. Мен артынан келіп қалай пышақ салғанымды түсінбей қалдым. Ол кісі тоқтап қалды, мен Арманға қарап едім, ол торға сүйеніп отыр екен. Ол тұрды да қаша жөнелді, мен де соңынан жүгірдім. Пышақты мен оқиға орнынан 20 метр жерге лақтырып тастадым, — деді айыпталушы.

Еске салайық, Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде пышақ жарақатынан қаза тапты. Полиция мәнерлеп сырғанаушының автоұрылардың қолынан өлгенін хабарлады. Оқиға Алматыдағы Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында болды. Қазір 38 томнан тұратын іс бойынша үш адам айыпталып отыр: Арман ҚұдайбергеновНұралы ҚиясовЖанар Толыбаева. Бұлардың әрқайсына Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылды.

ДереккөзSputniknews.kz