Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Оңтүстік Кореяның экс-президенті тағы 30 жылға сотталды

Фото: РИА Новости
Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльге қатысты тағы бір қатаң үкім шықты. Сеул округтік соты оны Солтүстік Корея аумағына заңсыз дрон ұшыруға қатысы бар деп танып, қосымша 30 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Тергеу мәліметінше, 2024 жылғы қазанда Юн Сок Ёль Солтүстік Корея бағытына дрон жіберу туралы бұйрық берген. Айыптау тарапының пайымдауынша, бұл әрекет көрші елді арандатып, әскери шиеленісті күшейту арқылы Оңтүстік Кореяда төтенше жағдай енгізуге негіз қалыптастыру мақсатында жасалған.

Сот бұрынғы президентпен бірге бірнеше жоғары лауазымды шенеунікті де кінәлі деп таныды. Атап айтқанда, экс-қорғаныс министрі Ким Ён Хён 30 жылға, ал әскери қарсы барлау қолбасшылығының бұрынғы басшысы Ё Ин Хён 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға «мемлекетке опасыздық жасау» және «билікті асыра пайдалану» баптары бойынша айып тағылған.

Юн Сок Ёльдің қорғаушылары бұл әрекеттер Солтүстік Кореяның әуе шарлары арқылы түрлі қалдықтарды жіберуіне жауап ретінде жүзеге асырылғанын алға тартты. Алайда сот мұндай уәждерді қабылдамай, аталған іс-қимылдарды екі мемлекет арасындағы әскери қақтығыс қаупін саналы түрде күшейткен ауыр құқық бұзушылық деп бағалады.

Айта кетейік, Юн Сок Ёль бұған дейін де 2024 жылдың желтоқсанында елде әскери жағдай енгізіп, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын. Жаңа 30 жылдық жаза бұрынғы үкімге қосымша ретінде белгіленді.

Президентке импичмент жарияланғаннан кейін өткен кезектен тыс сайлауда оппозициялық саясаткер Ли Чжэ Мён жеңіске жеткен еді.

Мақалаға реакция