Денис Тен ісі бойынша айыпталушыларға прокурор 20 жыл жаза сұрады

Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша сот отырысында тараптар қатар тыңдалды.

Прокурор Қуандық Досов айыпталушыларға 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады.

Арман Құдайбергеновті кінәлі деп тауып, оған қауіпсіздігі жоғары колонияда жиынтық түрде 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгілеуді сұраймын. Нұралы Қиясовты кінәлі деп тауып, оған жиынтық түрде қауіпсіздігі жоғары колонияда 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгілеуді сұраймын. Жанар Толыбаеваны кінәлі деп тауып, оған жиынтық түрде 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгілеуді сұраймын, — деді прокурор.

Қуандық Досовтың айтуынша, талқылау барысында сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді.

Арман Құдайбергенов «Алдын ала сөз байласып, топ болып жасалған ұрлық», «Алдын ала сөз байласып, топ болып жасалған қарақшылық», «Алдын ала сөз байласып, топ болып жасалған кісі өлтіру» баптары бойынша, Нұралы Қиясов «Алдын ала сөз байласып, топ болып, қару қолданып жасалған қарақшылық», «Алдын ала сөз байласып, топ болып жасалған кісі өлтіру» баптары бойынша, Жанар Толыбаева «Алдын ала сөз байласып жасалған ұрлық», «Қылмыс туралы хабарламау» баптары бойынша айыпталып отыр.

ДереккөзZakon.kz