Бауыржан Байбек Алматының ұлттық жобаларын зиялы қауым өкілдеріне таныстырды

Алматы әкімі Бауыржан Байбек  Тәуелсіздік күні қарсаңында қаланың бірқатар зиялы қауым өкілімен кездесті. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесудің мақсаты — Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жақында шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында Алматыда алдағы екі-үш жылда іске асатын ұлттық жобалармен таныстыру. Тарих тек кітапқа түсіріп қана қоюмен шектелмейтінін айтқан әкім әр жобаның құндылығын жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, Алматы алдағы 2-3 жылда туристер ағылатын шырайлы шаһарға айналады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматыда құны 97,7 миллиард теңге болатын 265 жоба мақұлданып, жүзеге асырылады.

Құндылық атаулының барлығы өзге мәдениеттен, не болмаса, өзге құндылықтарға сүйеніп емес − қазақ дәстүрі мен мәдениетінен туындауы тиіс – деді Бауыржан Байбек.

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы» жобасы аясындағы «Қазақстанның  жалпыұлттық қасиетті орындары» респуб­ликалық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне Алматы қаласынан 6 нысан ұсынылып, бекітілді. Оның ішінде Райымбек батыр кесенесі, «Боралдай сақ қорғандары» қорымы, Қасиетті Вознесенск соборы, Ахмет Байтұрсы­новтың музей-үйі, Республика алаңы («Тәуелсіздік» монументі, «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші) және Үкімет үйінің ғимараты бар.

Боралдай сақ қорғандары Алматы қаласының солтүстік батыс аймағында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Алдағы уақытта осы жерден «Дүниежүзілік сақ мәдениетінің орталығы» атты аспан астындағы мұражай ашылмақ.

Райымбек баба кесенесі қайта жөндеуден өтіп, сол аумақта қазақтың батырлық, әулиелік дәстүрінен сыр шертетін мұражай салынбақ. Бұл – екінші жоба. Аталған жерде мешіт ашу, алыс-жақын жерден келетін адамдарға арнайы түнеу орталығын салу жоспарда бар. Мешіттің аумағы 591 шаршы метр болады. Қазіргі кезде Райымбек баба кесенесіне зиярат етуге шамамен 300 мыңнан астам адам келеді. Алдағы уақытта кесенеге келетін адамның санын 500 мыңға жеткізу жоспарланды.

Үшінші жоба бойынша мегаполистегі «Қазақфильм» аумағында заманауи Этноленд кешені салынады.

Біраз уақыт бұрын Алматыдағы Розыбакиев – Штраус көшелерінің қиылысындағы аумақтан Сақ қорғандары табылған болатын. Бұл жер сол кездегі «Казкоммерцбанктің» (қазір «Халық банкі» – автор) иелігінде еді. Бүгінде аталған банктің басшылығы 1 гектарға жететін жерді қалаға сыйлаған еді. Алдағы уақытта Розыбакиев көшесінің бойынан Сақ мәдениетінен сыр шертетін мұражай ашу жоспарланды.

Бұдан өзге, Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және қала жастарын қолдаудың Жол картасы аясында бұрынғы трамвай депосының орнында жастардың лофт-орталығы ашылған болатын. Бүгінде бұл жер қаладағы жастардан құралған 20-дан астам үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіріп отыр.

Сонымен қатар, кездесуде қайта жөндеуден өткен Орталық мәдениет және демалыс саябағының жаңа келбеті көрсетілді. Орталық саябақ аумағында жарық бағаналары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы жасалып, көгалдандырылды. Бұған дейін аталған демалыс саябағында қазақтың мәдениетінен, дәстүрінен сыр шертетін бірде-бір  нысан болмаған еді. Қайта жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған соң саябаққа екі жәдігер қойылады. Оның бірі — саябаққа кіреберіс жерге қойылатын Алматының мыңжылдығын дәлелдейтін күміс теңгенің ескерткіші. Қазақ халқының ұлттық күнтізбесінің ескерткіші жасалып жатыр. Күнтізбедегі жазулар руна және  латын қарпімен жазылады. Бұл ескерткіш те саябаққа қойылады.

Қазақтың тілін, ділін, тарихын, мәдениетін, болмысын насихаттау мақсатындағы айшықты жобаның қолға алынғаны қуантарлық жағдай. Шаһардың киелі жерімен, табиғатымен үндестік дамығанда адам рухани баюға ұмтылады. Көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын жобаны іске асыру арқылы біз бүгінгі ұрпақтың санасына қазақ халқының дәстүрін, ғылымын-білімін, салт-дәстүрін сіңіре аламыз. Ал бала күннен қазақтың руханиятымен сусындап өскен бала ұлтқа да адалдық танытары сөзсіз. Жас ұрпақ қазақтың болмысын нақты түсініп, зерделейтін болады. Жобалардың ғұмыры ұзақ, әлеуеті жоғары болатынына сенімдіміз, – деді қоғам қайраткері Асылы Осман.

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» директорының даму жөніндегі орынбасары Қайрат Сағынғалиұлының айтуынша, бұл — бүгінгідей шетелден жұмақ іздеп кетіп жатқан жастарға ой сала отырып, туған жер мен ата-ана алдындағы парызды өскелең ұрпақтың ойына сіңіріп, санасына сілкініс әкелетін қадам.

Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразованың айтуынша, көрегенділікпен жасалған бұл — жоба жас ұрпақтың жадын жаң­ғыртуға аса керек дүние.

Алматыда тарих­та орны бар бірқатар көркем, рухани, қастерлі жеріміздің біртұтас желісін жасап, оларды өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешендер жүйесі ретінде орнықтыру — көңілге қонымды, ауқымды жоба. Бұл бағытта жұмыла жұмыс істеуіміз қа­жет. Бұл ретте қалалық әкімдік мықтап қолға алған жобаның рухани жаңғыруға, мәңгілік ел рухын көтеруге қосатын үлесі мол болмақ. Сондықтан, бұл жоба аяқсыз қалмауы керек. Жобаның келешегінен күтетін үміт те зор, — деді Аягүл Миразова.

Кездесу соңында зиялы қауым өкілдері мен қариялар қала әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, баталарын берді.