Кәсіпкерлер жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесін талқылады

Алматының Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова Мемлекет басшысының Жолдауы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасындағы» жүктелген міндеттерін атқару бойынша аудан кәсіпкерлерімен кездесті.

Кездесуге Алмалы ауданы «Нұр Отан» партиясының филиал төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Албисенов, Алматының мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының бастығы Талғат Разаков, Алматының кәсіподақтар аймақтық қауымдастығының төрағасының орынбасары Алмас Несіпқалиев, Алматының халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Даурбек Абуов, сондай-ақ ауданның жекеменшік кәсіпорындары мен ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жиында жалақысы 50 мың теңгеден төмен қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі күн тәртібіне қойылып, «Бизнестің жол картасы — 2020», «Жібек жолы», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламалары бойынша атқарылған жұмыстың қорытындылары айтылды.

Айта кетейік, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту туралы екінші бастамасында көрсетілген еді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында төртінші бастамасында шағын несие беруді тапсырған болатын.