«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы»: қандай мәселелер шешілуі керек?

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру барысын қарастыру қорытындысы бойынша жауапты лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірінші бастама бойынша Премьер-министр «7-20-25» бағдарламасын іске асыруда жергілікті атқарушы органдардың жұмысы маңызды екенін айтты. Кейбір өңірлерде бұл бастаманың баяу қарқынмен жүргізіліп жатқаны байқалып отыр. Осыған байланысты облыс әкімдіктеріне құрылыс компанияларымен және банктермен түсіндіру жұмысын жүргізу тапсырылды.

Екінші бастама бойынша барлық дайындық жұмысы жүргізілген. Төмен жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақысын арттыру үшін салық жүктемесін төмендету бойынша қолданыстағы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілді. Бұл жұмыстар 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталады.

Үшінші бастаманы іске асыру аясында Бақытжан Сағынтаев Білім және ғылым министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп студент жастарды жатақханалармен қамтамасыз етуді жандандыруды тапсырды. Қаржы министрлігі жатақханалар құрылысын қаржыландыруды біртіндеп арттыруы тиіс.

Төртінші бастаманы іске асыру бойынша Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыс әкімдіктерімен және «Атамекен» ҰКП бірлесіп бір ай ішінде кәсіпкерлердің шағын несие алуы үшін туындап отырған барлық мәселені шешуді тапсырды.

Бесінші бастама — елді мекендерді газдандыру аясында «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы белгіленген мерзімде басталып, уақытылы аяқталуы керек. Бақытжан Сағынтаев соны ескертті.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу барысына әр апта сайын мониторинг жүргізіледі.