63 жастағы әйел латын әліпбиінің жаңа нұсқасын меңгеріп алған

Алматы облысында латын графикасымен қолдану жөніндегі байқауда 63 жастағы әже жаңа әліпбимен диктант жазып, ұйымдастырушыларды таңғалдырды. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

14 қараша күні қазақстандықтар жаңа латын қарпі бойынша Жалпыхалықтық диктант жазды. Шараның мақсаты — латын әліпбиін, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының практикалық тұрғыда меңгерілуін жан-жақты қамту.

Диктант латын әліпбиі
Фото: Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Диктантқа 15 жастан асқан 1 миллион 530 мыңға жуық адам қатысты. Алматы облысынан байқауға қатысқандардың саны 120 мың адам болды.

Жалпыхалықтық диктантты Qazaq radiosy, Shalqar радиолары мен Еmle.kz сайты тікелей трансляциялады. Дыбысталған мәтін 90 сөзден тұрады. Ол 30 минут бойы оқылған.

Алматы облысында диктант жазғандардың бірі — 20 немересі бар Әділқан Исаның айтуынша, жаңа латын әліпбиін үйрену қиын болмаған.

Әділқан Иса
Әділқан Иса. Фото: Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Ұлт көшбасшысының жаңа латын әліпбиіне көшу туралы мақаласымен танысқан сәттен бастап, болашақта немерелерімнің сабағына керек болады ғой деп, оқи бастадым. Меніңше, бұрынғы әліпбиге қарағанда жазылуы жеңілдеу және жатталуы да оңай. Қазақстанның бар халқын осы жазуды меңгеруге шақырамын. Жаңа жазу — өркендеудің  негізі, — дейді ол.

Әже өзінің балалары мен таныстарына латын қарпімен жазуды үйретуге құлық танытып отыр.