Алматыда тұрғын үй құрылысы нысандарының заңсыз жарнамасын орналастырғаны үшін Krisha.kz және Korter.kz платформалары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, миллиондаған теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы интернет-платформаларда үлестік құрылысқа қатысушылардың қаражатын тартуға қажетті рұқсаты жоқ тұрғын үй нысандарының жарнамасы жарияланғанын анықтады. Осыған байланысты платформаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылған.
Басқарманың мәліметінше, заңнама бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына азаматтардың қаражатын тартуға және мұндай нысандарды жарнамалауға тек уәкілетті органның тиісті рұқсаты болған жағдайда немесе үлескерлердің құқықтарын қорғаудың заңда көзделген басқа тетіктері қолданылған кезде ғана рұқсат беріледі.
Алайда жарнамаланған тұрғын үй нысандарында мұндай рұқсат құжаттары болмаған.
- Нәтижесінде «Колеса» АҚ құрамындағы Krisha.kz платформасына 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 4,3 миллион теңге айыппұл салынды.
- Ал «Флетфай-Қазақстан» филиалы 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 2,1 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Қала құрылысын бақылау басқармасы азаматтарға бастапқы нарықтан баспана сатып алмас бұрын құрылыс компаниясының үлескерлерден қаражат тартуға ресми рұқсаты бар-жоғын міндетті түрде тексеруге кеңес берді.
