Қазақстанда ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет және спорт саласында жетістікке жеткен жастарға арналған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына құжат қабылдау басталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Байқауға 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, сыйлық дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында табысталады және биыл 10 номинация бойынша ұсынылады. Атап айтқанда, олар – «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада» және «Халық шығармашылығы».
Байқауға халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдердің лауреаттары, спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сонымен қатар қызметі қоғамның дамуына үлес қосқан 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Үміткерлерді орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен Қазақстан аумағында тіркелген өзге де заңды тұлғалар ұсынады. Қатысу үшін жеке куәлік көшірмесі, тіркеу өтінімі, өтінішхат, жетістіктері туралы анықтама, марапаттау құжаттарының көшірмелері, жарияланымдар, банктік шот туралы анықтама және өзге де растайтын материалдар тапсырылуға тиіс. Байқау жеңімпаздарына «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріліп, дипломмен, төсбелгімен және ақшалай сыйлықпен марапатталады, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы 1992 жылдан бері табысталып келеді. Осы уақытқа дейін түрлі салада жетістікке жеткен 380-нен астам жас Қазақстан азаматы аталған марапаттың иегері атанған.
Құжаттар 2026 жылғы 17 маусым мен 17 қыркүйек аралығында қабылданады. Өтінімдерді Астанадағы мәдениет және ақпарат министрлігіне қағаз түрінде немесе электронды пошта арқылы жолдауға болады.
