Не болды?
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті еліміздің қай өңірінде коррупция жиі анықталғанын зерттеді. Кейінгі дерек бойынша, Қазақстанда жемқорлық азайғанымен, параның алыс-берісі артқан. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Finprom дерегінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында пара алу мен беру және парақорлықта делдал болу бойынша 427 қылмыстық іс тіркелген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,7% көп.
Өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш Астанада тіркелді. Бес ай ішінде қалада 56 қылмыстық іс қозғалып, былтырғы көрсеткіш 21,7% өсті. Қостанай облысында парақорлық 3,5 есе көбейіп, кейінгі бес айда 38 қылмыстық іс тіркелген. Алматыда 32 дерек тіркеліп, 14,3% өсім байқалды. Ал керісінше Абай облысында бір, Ақмола облысында екі және Батыс Қазақстан облысында жеті пара беру мен алуға қатысты қылмыс тіркелген. Бұл — ең аз көрсеткіш.
Қаладан бөлек ең жоғары өсім Алматы облысында. Мұнда көрсеткіш бір жыл ішінде төрт есе көбейген. Қызылорда облысындағы өсім 66,7%-ға, Жамбыл облысында 61,1%-ға жеткен. Ал қылмыс аз тіркелген облыс қатарында Солтүстік Қазақстан (2,1 есе аз), Павлодар (2,4 есе аз) және Ақмола облысы (13 есе аз) бар.

Жемқорлық азайғанымен, парақорлық артты
Биыл қаржы жымқырған 679 дерек тіркелсе, оның 427-сі пара беру мен алуға қатысты. Былтырмен салыстырғанда жемқорлық 11,1% азайған, дегенмен пара алу 11,9% өскен.
Қызметін асыра пайдалану қылмысы бойынша дерек 20%, ал билігін теріс мақсатта қолданған жағдай 40% көбейген.
Кейінгі бес жылда Қазақстанда тіркелген жемқорлық саны, шамамен екі есе қысқарған. 2020 жылы 2,2 мың заңсыздық тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 1,2 мыңға дейін төмендеген.
Алайда мемлекеттің кірісі шығынды өтей алмай отыр. 2020 жылы шығын көлемі 8 млрд теңгеден асса, 2024 жылы 110,6 млрд теңгеге жеткен.
Парақордың көбі жазасын өтемейді
Статистикаға қарасақ, пара алғаны үшін сотталған адамның бәрі бірдей бас бостандығы шектелмейді. 2025 жылы пара алу бабымен сотталған 188 адамның 128-іне айыппұл салынса, 58 адам темір торға тоғытылған.
Түрмеге қамалғандардың басым бөлігі бес жылдан сегіз жылға дейін сотталған. Ең ауыр жаза ретінде сегіз жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылған жандар да бар.
Контекст
Естеріңізге салайық, енді пара уәде еткендер мен ұсынғандар да жазаланады.
