Мәжіліс депутаттары Қазақстанның екі халықаралық қаржы институтынан жалпы сомасы 154,6 млрд иен немесе қазіргі бағаммен шамамен 463,8 млрд теңге көлемінде қарыз алу туралы келісімдерді ратификациялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Депутаттар Халықаралық қайта құру және даму банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арқылы тартылатын қарыздарға қатысты заң жобаларын мақұлдады.
- Бірінші келісім бойынша, Халықаралық қайта құру және даму банкі Қазақстанға 92,3 млрд иен көлемінде несие береді. Қазіргі бағам бойынша бұл шамамен 276,9 млрд теңгеге тең.
- Екінші қарыз Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен алынады. Оның көлемі 62,3 млрд иен немесе шамамен 186,9 млрд теңге болды.
Екі несие бойынша да бірдей шарттар қарастырылған. Атап айтқанда, бес жылдық жеңілдік кезеңі белгіленген, ал қарызды толық өтеу мерзімі 11 жыл болды.
Заң жобасының түсіндірмесі бойынша, тартылатын қаражат республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға және елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қолдауға бағытталған шараларды іске асыруға жұмсалады. Қарыздардың сыйақы мөлшерлемесі TONA (Tokyo Overnight Average Rate) көрсеткішіне және ауыспалы спредке негізделіп есептеледі.
Сонымен қатар қарыз сомасының 0,25%-ы көлемінде біржолғы комиссия қарастырылған. Бұдан бөлек, игерілмеген қаражат қалдығы үшін жыл сайын 0,25% көлемінде резервтік комиссия төленеді.
Осылайша, Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарынан тартылатын қаражат есебінен бюджет шығыстарын қаржыландыруды және әлеуметтік-экономикалық міндеттемелерді орындауды жоспарлап отыр.
