2 қазанға арналған ауа райы болжамы

«Қазгидрометтің» хабарлауынша, 2 қазан күні Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс аумақтары атмосфералық фронтардың ықпалында болады, соның әсерінен бұл өңірлерде жаңбыр жауады, оңтүстік-шығыста және шығыста найзағай ойнайды. Республиканың көп бөлігінде тұман түсіп, жел күшейеді.

Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде 15-20 м/с жел соғады, жел екпіні секундына 25 метрге дейін күшейеді. Күннің соңына қарай өңірде жауын-шашын болады.

Алматы облысының Жалаңашкөл көлі ауданында жел секундына 17-22 метрге дейін күшейеді.

Ақмола облысының кей жерлерінде желдің екпіні 15-20 м/с-қа күшейеді, түнде және таңертең тұман түседі.

Қызылорда облысының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман түседі, күндіз солтүстік-шығыстан және шығыстан соққан жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Күн күркіреп, найзағай ойнайды. Өңірде ауа райының қолайсыз болатыны ескертілді.

Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерін тұман басады, күндіз желдің екпіні 15-20 м/с-қа күшейеді.

Қарағанды, Атырау облыстарының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман болады. Күндіз Жамбыл, Түркістан облыстарында арагідік жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.

Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарының кей жерлерінде түнде 3 градус ызғар болады. Атырау облысында ызғарға байланысты ескерту жарияланды.

Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында дала өрті қаупі күшті болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» синоптиктері 2-4 қазан күндері еліміздің көп бөлігінде жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейтінін хабарлаған еді.