2026 жылғы 1 маусымдағы статистика бойынша, Қазақстан банктеріндегі депозиттің көлемі 48,9 триллион теңгеге жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 234,6 миллиард теңге немесе 0,5% артқан. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Отбасы банкі
Finprom жаңа статистика дерегі бойынша, Қазақстан азаматтарының қай банкке көбірек салым салғанын зерттеді. Депозит өсімі бойынша көш басында Отбасы банкі тұр. Жыл басынан бері банктегі салым көлемі 317 миллиард теңге (9,9%) артып, 3,5 триллион теңгеге жеткен. Ал халықтың депозиті 234,5 миллиард теңге (7,5%) өсіп, 3,3 триллион теңге болды.
Отбасы банкі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне арналған. Бұл жүйе азаматтарға баспана алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар банк азаматтардың әл-ауқатын арттыруға арналған бірқатар мемлекеттік бағдарлама бойынша істейді.
Қазір бұл банкте 4 миллионнан астам депозит ашылған. Қызмет еткен уақыт ішінде қаржы ұйымы 680 мың несие берген. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне экономика тұрғысынан белсенді халықтың 30,9%-ы қатысады. Демек, еліміздегі әрбір үшінші азамат баспана, білім алу немесе өмір сапасын жақсарту үшін осы банкте қаражат жинайды.
Kaspi Bank
Екінші орында Kaspi Bank тұр. Банктің депозиті жыл басынан бері 263,2 миллиард теңге артып, 8,2 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде халық салымы 7,3 триллион теңге болды. Kaspi Bank цифрлық сервисі мен ауқымды жүйесінің арқасында көшбасшы қаржы ұйымының бірі болып отыр.
Freedom Bank
Үздік үштікті Freedom Bank түйіндеді. Жыл басынан бері банктегі депозит 174,3 миллиард теңге өсіп, 1,6 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде жеке тұлғалардың салымы 61,3 миллиард теңге көбейіп, 943,6 миллиард теңге болды.

Жыл басынан бері депозит көлемін ірі 10 банктің тек төртеуі ұлғайтқан. Банк секторында оң өсім көрсеткен қаржы ұйымының саны – 11.
RBK bank
Ірі банктер арасында оң нәтиже көрсеткен тағы бір қаржы ұйымы – RBK bank. Оның депозиті 22,5 миллиард теңге артып, 2 триллион теңгеге жетті. Ал халықтың салымы 53 миллиард теңге өсіп, 855,8 миллиард теңге болды. Қалған ірі банктердің депозит мөлшері жыл басымен салыстырғанда қысқарған.
Үздік ондыққа кірмейтін банктер арасында ең жоғары өсімді Қытай Банкі (Қазақстандағы еншілес банк), Home Credit bank және Нұрбанк көрсетті.
Қазақстан азаматтары банкке қанша қаражат салған?
Қазақстан банктеріндегі халық депозитінің жалпы көлемі 29,3 триллион теңгеге жетіп, жыл басынан бері 1,1 триллион теңге артқан. Ал бизнес салымы 19,6 триллион теңге болып, керісінше 842,5 миллиард теңге азайды.
Нәтижесінде бүгінде банк депозитінің 59,9%-ы жеке тұлғаларға тиесілі болса, заңды тұлғалардың үлесі 40,1% төмендеген.
***
Тағы оқыңыз:
Депозит ашарда нені ескеру керек: мерзім, пайыз және кепілдік
