Басты бет / Жаңалықтар /
Мұхтар Ербаян
Фото: El.kz

Ербаян Мұхтар ісі: 2,5 жыл өтсе де кінәлі адамдардың аты-жөні айтылған жоқ

Ішкі істер министрлігі екі жарым жылдан астам уақыт бұрын әскерде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеу әлі жалғасып жатқанын мәлімдеді. Ведомство әзірге кінәлілер туралы ақпарат жариялаған жоқ. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта істі ІІМ-нің Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы тергеп жатыр.

«Әскери қызметшінің дене жарақатын қалай алғанының мән-жайы бойынша Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр», – делінген министрліктің жауабында.

ІІМ өзге мәліметтерді жариялаудан бас тартты. Ведомство мұны Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабымен түсіндіріп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру дерегін жариялауға заң арқылы тыйым салынғанын айтып өтті.

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Сенат кулуарында журналистерге Ербаян Мұхтардың қаза болғанына байланысты да қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Ол марқұмның жақындарына көңіл айтып, Қорғаныс министрлігі Ербаян Мұхтар әскер госпиталінде ем алған кезде қолдау көрсетілгенін айтып отыр.

«Оқиғаның мән-жайы жан-жақты зерделеніп жатыр. Бұл дерек бойынша Ұлттық ұлан тергеу жүргізіп жатыр. Өз тарапымыздан құзыретіміз шеңберінде қажет көмектің бәрін беріп отырмыз», – деді Шайх-Хасан Жазықбаев.

Естеріңізге салайық, Ербаян Мұхтар Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде әскери қызмет өткерген. Ол 2023 жылдың желтоқсанында ауыр бас-ми жарақатын алып, комаға түскен еді.

Әскери қызметшінің туыстарына оның дәретханада тайып құлап, басын плиткаға соққаны айтылған. Алайда дәрігерлер Ербаянға миды қатты ұру, жедел субдуралды гематома, шүйде сүйегінің сынуы және басқа да ауыр жарақаттар диагнозын қойған.

Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырды.Халық оның еміне 224 миллион теңгеден астам қаражат жинады. Соның арқасында Ербаян екі рет Ыстамбұлда ем алып, оңалтудан өтті. Екінші сапары кезінде емдеу шығындарының бір бөлігін мемлекет көтерсе, ұшуды ішкі істер министрлігі мен қорғаныс министрлігі ұйымдастырды.

2026 жылғы мамыр айында Ербаян Мұхтардың жағдайы күрт нашарлап кеткен еді. Дәрігерлердің мәліметінше, ол екі жақты пневмония және ауыр тыныс алу жеткіліксіздігі диагнозымен ауруханаға түскен. Кейін оның жағдайы асқынып, сепсис пен көп ағзалық жеткіліксіздік пайда болған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салғанымен, Ербаян Мұхтар 2026 жылғы 23 маусымда қайтыс болды.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook