Алматыда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жүйелі атқарылып жатыр

Алматының Демократиялық күштер коалициясының (ДКК) отырысында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асырудағы мәселелерді талқылады.

Кезекті шараға Алматының ДКК мүшелері, Қазақстанның «Ауыл», «Ақжол», «Нұр Отан» партиялары, Қазақстан халқы ассамблеясы, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Отырысты Алматының Демократиялық күштер коалициясының орынбасары, қаланың Қоғамдық кеңесі Президиумының мүшесі Ахметжан Шардинов ашты.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» —  халқымыздың әлеуметтік мәселелерін шешудегі айрықша маңызы бар құжат. Сондықтан еліміздегі тиісті атқарушы органдардың әлеуметтік-экономикалық реформалардың сапалы орындауын қадағалау — қоғамдық ұйымдардың ортақ міндеті. Осы ретте жауапкершілік, ашықтық, тиімділік және есептілік қағидаларының басшылыққа алынуын талап етеміз, — деді Ахметжан Шардинов.

Жиында «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ басқармасының төрағасы Қайрат Алтынбеков «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысын айтты.

Бүгінгі таңда «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде республика бойынша мақұлданған тұрғын үй несиелерінің 38 пайызы немесе 6,1 млрд теңгеге алынатын 480 пәтер Алматыға тиесілі. Жалпы ұсыныс берілген 1500-ден астам пәтердің де 40 пайызы осы шаһардың үлесінде, — деді Қайрат Алтынбеков.

«Нұр Отан» партиясы АҚФ төрағасының орынбасары Алмажан Бақтұразованың айтуынша, алдағы екі жылда Алматыда 20 мың студентке арналған 39 жатақхана салынады. Қазірдің өзінде төрт мың студентке арналған жеті жатақхана салынып жатыр, оның төртеуі биыл пайдалануға берілген.

«Ауыл» партиясы АҚФ төрағасы Абдулла Сапаров Президенттің әлеуметтік жағынан қорғалатындар үшін салық төлемдерін азайту туралы бастамасының орындалу барысын баяндады.

Жиында Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры, Алматы мәслихатының депутаты Дамир Шыныбеков те баяндамасында алматылық түлектер туралы айтты.

Биылғы жылы алматылық түлектер 27 мың грант иеленген. Бұл — республика бойынша барлық гранттың 40 пайызы. Соның нәтижесінде бірінші курсқа түскендердің саны 51 пайызға артқан, — деді Дамир Шыныбеков.

Сонымен қатар сарапшы, тарих ғылымдарының докторы Саттар Мажитов бес бастама аясында атқарылған жұмыстары туралы айтты.

Конструктив бағытта өткен қалалық Демократиялық күштер коалициясының отырысына қатысушылар баяндамалары арқылы Президенттің тапсырмалары Алматыда уақытылы және сапалы түрде жүзеге асып жатқанын дәлелдеді.