Аналарға арналған Қазақстандағы тұңғыш рухани орталық Ақтөбеде ашылды

Ақтөбеде республикалық Аналар слетінің аясында Қазақстанда тұңғыш рет «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы ашылды.

Қазақстан халқы ассамблеясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты шараға КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Социалистік еңбек ері Вера Сидорова, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтбаева, ҚР ҰҒА академигі Раиса Көзденбаева, этнограф Зейнеп Ахметова, белгілі ақын әрі журналист Марфуға Айқожина, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алтыншаш Жағанова қатысты.

Бірегей жоба «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілер мен облыс тұрғындарының қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Ананың ақ жаулығы іспетті тұрғызылған орталықтың құны — 350 миллион теңге.

Кешеннің ашылуы – бұл қазақ халқының есімі әрқайсысымыз үшін қасиетті әрі баға жетпес аналарына, қыздарына деген тағзым. Бұдан былай көпбалалы аналарға «Алтын алқаны», «Күміс алқаны» осында табыс етеміз. Өңірдің дамуы мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға айтарлықтай үлес қосқан ақтөбелік аналар үшін «Ана даңқы» төсбелгісін дайындап жатқанымызды айтқым келеді. Оны өмірі өзгелер үшін үлгі боларлық нағыз лайық жандар алады. «Анаға тағзым» кешені расымен де рухани орталыққа айналып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде үлкен роль атқаратынына сенімдімін, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев орталықтың ашылу салтанатында.

Орталық қызметі қазақ халқының салт-дәстүрін ескере отыра әйелдің отбасындағы ролін күшейтуге, болашақ аналарды тәрбиелеуге бағытталады. Мұнда өскелең ұрпаққа білім-тәрбие беру жұмысы жүргізіліп, жастарға қазіргі қоғамда қажет құнды бағдарларды дамытуға мүмкіндік беретін психологиялық жеңілдеу және кеңес беру, қолданбалы өнер, жалпы даму, музыкалық тәрбие беру, стилистика және дизайн, отбасылық тренинг пен басқа да қызмет түрлерін көрсететін кабинеттер жұмыс істейді.

Орталықтың құрылысына Ақтөбе облысының көп тұрғыны қатысты. 200-ден астам адам жеке шоттарынан ақша аударды. Ол 2 мың, 50 мың, миллион теңге болды. Сонымен бірге 300-ден аса кәсіпорын қаражат бөлді. Бәрінен бұрын Мұғалжар мен Шалқар аудандарына алғыс айтқым келеді. Аталмыш аудандардың өндіріс ұжымдары біркүндік еңбекақысын аударды, — деп мәлімдеді Ақтөбе әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова.

Экскурсия кезінде қонақтар ұлттық мұражайды, экспозициялық залды қарап шықты. Мұнда келушілер еліміздің тарихында маңызды із қалдырып кеткен қазақ халқының әйгілі тұлғаларының өмірімен және ерліктерімен таныса алады. Осы жерде Слет делегаттары облыстық музей «Ақтөбе өлкесінің жауһарлары» атты көрмесін, психологиялық жеңілдеу және кеңес беру, қолданбалы өнер, жалпы даму, музыкалық тәрбие беру, стилистика мен дизайн және тағы басқа кабинеттерді көрді. Шара аяқталған соң болашақ Аналар аллеясында алғашқы шыршалар отырғызылды.

Еске салайық, Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әйелдің қоғамдағы ролі мен мәртебесін көтеру, мемлекеттік органдар мен қоғам назарын қазіргі отбасылардың, ана мен бала проблемаларына аудару, демографиялық саясатты дамыту мақсатында Аналар слеті өтті.

Сонымен қатар жиынға еліміздің барлық өңірінен келген қоғам, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес құрылымдардың өкілдері қатысты.