Ауыл-аудан оқушылары English for Jastar жобасымен ағылшын тілін үйренеді

Жоба Нұрсұлтан Назарбаевтың үштілділік саясатын қолдау негізінде берген тапсырмасына орай жасалып отыр. Жобаның мақсаты — мектеп оқушыларының ағылшын тіліндегі білімін тереңдету және олардың сөйлеу шеберлігін арттыру.

English for Jastar жобасы екі ай бойы пилоттық режимде жүргізіледі. Қыркүйек айынан қараша айына дейін 84 ауыл-аудандағы 9-11-сынып оқушыларына отандық мамандар мен тіл қолданушылары ағылшын тілін үйретеді.

«Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен жиынға 141 ерікті жиналды, олардың 75-і — еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері.  Ағылшын тілін үйретуге бағытталған факультатив сабақтар өткізуге 20 коворкинг-орталық және 64 мектеп жұмылдырылған.

Факультатив сабақтарда оқушылар тілді мектептегіге қарағанда тереңірек үйренетін болады. Сонымен қатар таяу арада балаларға тіл қолданушыларымен араласып, сөйлесуге мүмкіндік туады, — дейді партия хатшысы Тамара Дүйсенова.

Жоба аясында ауыл-аудандардағы жеті мың оқушы ағылшын тіліндегі білімін жоғарылатады.  English for Jastar жобасы жұмыс істейтін барлық ауданға сабақ үйретуге арналған құрал-жабдықтар жеткізілді. Бұл үшін 172 комплект оксфордтық Elementary және Pre-Intermediate оқыту құралы бөлінген. Әр комплектіге оқушыларға арналған Student`s Book, үй тапсырмасын орындау үшін Workbook кітапшасы, сонымен қатар ағылшын тіліндегі фильмдер жазылған DVD-дискілер кіреді.

ДереккөзNurotan.kz