Ақордада екі саладағы жемқорлықты жою мәселесі талқыланды

Білім саласындағы сыбайлас жемқорлық бойынша 2016 жылдан бері 200-ге жуық адам сотталған.

Ақорда
Ақорда. Фото: Аkorda.kz

Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Бүгінгі жиын селекторлық форматта, оған Алматы, Астана мен Шымкенттің және облыстардың басшылары, сонымен қатар өңірлік комиссиялардың мүшелері қатысып жатыр. Өздеріңізге белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық салада сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттырудың маңызына және тиісті алдын алу шараларын жүргізу қажеттігіне баса назар аударып отыр, – деді Мемлекеттік хатшы.

Ол отырыста екі мәселе қаралатынын ескертті.

Біріншісі – жер қатынастары саласында, оның ішінде жер телімдерін бөлу барысында заңдылықтардың сақталуы. Екіншісі – білім саласында, оның ішінде 2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Ұсынылған мәліметтерге қарағанда, жер қатынастары сыбайлас жемқорлық белең алған саланың бірі екені белгілі болып отыр. Соңғы 2,5 жылдың ішінде ғана бұл сала бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 457 қылмысты тіркеген. 78 адам сотталған. Прокурорлық тексеріс нәтижесі бойынша  жерге қатысты заңнаманы қолдану саласында 342 адам, оның 24-і мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіргені үшін түрлі жауапкершілікке тартылған.

Отырыс барысында жер туралы заңнаманы, жеке баспана құрылысы үшін жер беру кезінде кезекті және мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімдерін сақтау, коммерциялық жерлерді бәссаудасыз иеленуге жол бермеу қажеттігіне мүдделі мемлекеттік органдардың назары аударылды. Ал білім саласында 2016 жылдан бері сыбайлас жемқорлық сипаттағы 510 қылмыс тіркеліп, оларға қатысты 178 адам сотталған. Әлеуметтік сауалнамалар жоғары оқу орындарындағы білім беруде, мектепке дейінгі мекемелермен балаларды қамтуда сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары екенін көрсеткен.

Талқылау нәтижесінде комиссия тарапынан өкілетті мемлекеттік органдарға анықталған заң бұзу жайттарына қатысты талдау жүргізіп, олардың алдын алу үшін тиісті тетіктер әзірлеу арқылы шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берілді. Жиын соңында Гүлшара Әбдіқалықова сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет құру бағытында елде жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының басты міндеттері жедел әрі сапалы экономикалық өсім мен елдегі халық тұрмысы деңгейінің жоғарылауына қол жеткізуге бағытталуға тиіс екенін атап өтті.

Отырыс барысында Мемлекеттік хатшы комиссияның жаңа мүшелері  – ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғабит Байжанов пен ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайыловты таныстырды.