Әлихан Смайылов ҚР Қаржы министрі болып тағайындалды

Әлихан Смайылов ҚР Қаржы министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасының Қаржы министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметінен босатылсын, — делінген Мемлекет басшысының Ақорданың ресми сайтында жарияланған жарлығында.

Әлихан Смайылов 1972 жылы туған. 1994 жылы әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетін қолданбалы математика мамандығы бойынша бітірді. 1996 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын тәмамдап, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін иеленді.

1993-99 жылдары «А-Инвест» инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар агенттігінің Статистика және анализ комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Президенті әкімшілігінің бас сарапшысы, бөлімнің экономикалық сектор меңгерушісі, мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарды.

1999-2003 жылдары Статистика агенттігінің төрағасы болды. 2003-2006 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

2006-2009 жылдары ҚР Қаржы министрінің орынбасары, «КазАгро» ұлттық холдингінің президенті болды. 2009-2014 жылдары ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.

2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы болды. 2015 жылдың желтоқсанында ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалды. Еске салайық, бұған дейін Әлихан Смайыловтың Қаржы министрі лауазымына кандидатурасы Мәжілісте талқыланған еді.