Елімізде 14 миллион тоннаға жуық астық жиналды

24 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 13 950,3 мың тонна астық бастырылды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, есептік кезеңде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер 10 838,2 мың гектарды немесе өңірлердің жалпы астық алқаптарының 72,1%-ын жинап үлгерді. Орташа өнімділік бір гектардан 12,9 центнер болды.

2017 жылғы осындай мерзімде облыстардың жалпы астық алқаптарының 14 466,3 мың гектары немесе 94,4%-ы жиналып, 19 357,1 мың тонна астық бастырылған болатын. Орташа өнімділік бір гектардан 13,4 центнер болды.

2018 жылы елдегі егін алқаптарының жалпы көлемі 15 027,9 мың гектар болды. 2017 жылы оның көлемі 15 318,6 мың гектар болған еді. Биылғы егіс науқаны кезінде 15 122,6 мың гектарға, өткен жылы 15 411,6 мың гектарға астық егілді.

Еске сала кетейік, биыл Қазақстанда 20 миллион тонна астық жинау көзделген. Науқан әлі жалғасып жатыр.