Биыл 20 миллион тонна астық жинау жоспары бар

Биыл Қазақстанда 20 миллион тонна астық жинау көзделген. Науқан әлі жалғасып жатыр.

Облыс әкімдіктері ұсынған мәліметтер бойынша техникалар егін жинауға 100% дайындықпен кіріскен. Әрі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 394 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді.

Мемлекеттегі жалпы астық сақтау сыйымдылығы 26,7 миллион тонна болса, оның 13,7 миллион тоннасы кәсіпорындарда, 13 миллионы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде.

Еске салайық, былтыр бидай 35 мың теңге деңгейінде сатылса, бүгінде үшінші сұрыпты бидайдың бір тоннасы 48-49 мың теңге тұрады. Баға әлі де көтерілуі мүмкін.

Қазір Үкімет үйінде отырыс өтіп жатыр. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыстың күн тәртібінде 2018 жылғы егін жинау жұмысының барысын, жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту бойынша жол картасын және Астананың 2019–2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспарын талқылау мәселесі тұр.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтеді. 

Дереккөз24.kz