Қазақстанда Budbeed халықаралық білім беру жобасы іске қосылды. Жоба Алматыда таныстырылды.
Budbeed жобасының мақсаты — білім алуды қолжетімді әрі сапалы ету. Сонымен қатар жобаға қатысушы елдердегі педагогика кадры мәселесін шешіп, әлеуметтік жағдайдың төмендігінен туындайтын олқылықтардың орнын толтыру. Жобаны әзірлеуге цифрлық технология және педагогика мамандарының халықаралық командасы қатысқан. Budbeed білім беру компаниясы жобаны іске асыру үшін Encyclopedia Britannica, СNN және ВВС медиакорпорациаларымен, Marriam-Webster, Rosen Publishing Group, Boclips, Teacher Created Materials және АҚШ пен Ұлыбританияның басқа да компанияларымен әріптестік орнатқан.
Жобаны әзірлеушілер алдымен елдегі білім жүйесін зерттеуді жөн санаған. Бұл туралы Budbeed-тің негізін қалаушы және атқарушы директоры Маниш Вахи айтты.
Біз біраз уақыт мектеп оқушыларына түрлі сынақ жүргізіп көрдік және оларға не керек екенін білдік. Олар өздеріне ыңғайлы ортаның керек екенін және уақытының көп бөлігін достарымен бірге өткізгісі келетін айтады. Осы тұрғыда жобамызды оқушыларды зеріктірмейтін интерактив жүйе деп айтуға болады. Барлығымыз баламыздың жақсы білім алғанын қалаймыз. Бірақ білім алу жағынан олардың ойымен санаспаймыз. Балалардың көбі бос уақытында ойнағанды немесе әлеуметтік желіде отырғанды жақсы көреді. Осыны ескеріп, балаға керек нәрсенің бәрін біліммен ұштастыруды ұйғардық, — дейді Маниш Вахи.
Budbeed платформасының тағы бір ерекшелігі — бала білім деңгейін өзі анықтай алады. Сайтқа салынған әрбір контент мамандар сүзгісінен өтеді. Бір қызығы, платформадағы сабақтар мектеп бағдарламасынан бөлек. Жоба авторларының айтуынша, Budbeed — баланың дүниетанымын дамытуға бағытталған білім платформасы.
Білім беруді қызық ойынға айналдырғымыз келеді. Біздің ойымызша, оқу тартымды әрі жағымды болуы тиіс. Мұндай тәсілмен білім алуға әркімнің теңдей мүмкіндігі болуы шарт. Қазіргі заман талабын ескере отырып, үш тілді білім беруге де назар аудардық. Платформадан қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде білім алуға болады. Болашақта өзге де тілдерді де қамту ойымызда бар, — Budbeed жобасының бас менеджері Майкл Росс.
Budbeed-тің негізін қалаушы Манши Вахидің айтуынша, жобаны мемлекет қаржыландырмайды. Дегенмен жобаға демеушілік көрсетуге ниет білдіргендер көп екен.
Алдағы уақытта Вudbeed ұсынған білім платформасы кез келген мемлекет тұрғыны үшін қолжетімді болмақ. Жоба директорының айтуынша, бір айлық білімнің құны бір шыныаяқ кофеден қымбат болмайды.
