Баланың өмірдің жаңа ырғағына үйренуіне, сабақ пен демалысты дұрыс үйлестіруіне бірнеше фактор әсер етеді. Олар: жүйеленген ұйқы, дұрыс тамақтану және уақытылы серуендеу. Ал сабақ үлгеріміне ерте басталған алдын ала дайындықтар көмектеспек.

Оқушы қанша сағат ұйықтауы керек?

Оқушының жас ерекшелігіне қарай ұйқы нормасы әртүрлі болады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оқушылар үшін түнгі ұйқының шамаланған нормасы төмендегідей болуы керек:

1-4-сыныпта 10-10,5 сағат
4-7-сыныпта 9,5-10 сағат
8-9-сыныпта 9-9,5 сағат
10-11-сыныпта 8-9-сағат

Бұған қоса, 1-сынып оқушылары күндіз 2 сағатқа дейін ұйықтап алғаны жөн. Емтихан, бақылау жұмысы немесе басқа да ақыл-ой еңбегін ерекше талап ететін кезеңде әдеттегі ұйқы уақытын (кемінде 1 сағатқа) ұзартқан пайдалы.

Сонымен қатар ата-аналар мынаны ескеруі тиіс: 2-2,5 сағатқа ерте оянып, ұйқысы қанбайтын балалардың сабақтағы еңбек белсенділігі 30%-ға төмендейді. Сол себепті ұйқының қанық болуына ерекше көңіл бөлу керек.

Дұрыс тамақтану оқу үлгеріміне әсер етеді

Әр баланың ағзасы әртүрлі болса да, оның дұрыс өсуі мен дамуы үшін тамақтану рационына мыналар енгізілуі тиіс: сүт өнімдері, ет, балық, жұмыртқа, жарма және макарон өнімдері, көкөніс, жаңа піскен жеміс, табиғи шырын, жаңғақ, құрғақ жеміс, бал.

Тұрақты тамақтану баланың дамуына, эмоциялық және физикалық тұрғыдан мықты болуына тікелей әсер етеді. Әсіресе, емтихан кезінде оқушының тамақтану режиміне ерекше назар аударыңыз. Бұл кезеңде ас мәзіріндегі тамақ түрінің қайланбағаны дұрыс.

Бала мектеп асханасынан тамақтанғысы келмесе, не істеу керек?

Оқушы мектеп асханасында тамақтанбаса немесе тамақ ішкісі келмесе, не істеу керек? Бұның бір ғана жолы бар: бала тамақты өзімен бірге алып келуі керек. Үйде дайындалған екінші таңғы ас және түскі ас бутерброд тәрізді «құрғақ тағам» болмағаны дұрыс.

Оқушы қанша уақыт серуендеуі керек?

Белсенді қозғалу, таза ауада серуендеу мидың жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі. Кіші жастағы балалар кемінде 3-3,5 сағат серуендеп, дене қозғалысын талап ететін ойындар ойнағаны дұрыс. Ал жоғары сынып оқушыларының таза ауада 2,5 сағаттан кем емес уақыт тыныққаны жөн.

 Мектепке барар алдында сабаққа қалай дайындалу керек?

1-сыныпқа баратын бала бастапқыда жаңа күн тәртібіне үйрене алмайды. Негізі ойын баласының сабаққа, үй тапсырмаларына бірден қызығып кетпеуі — қалыпты жағдай. Сол себепті алғашқы сәттен-ақ оның қабілетін төменге балаудың қажеті жоқ. Баланы ойната отырып білімге жетелеуге болады. Мысалы, Bilimland.kz порталының «Мектепке дайындық», «Бастауыш математика» курстары мен Imektep.kz ресурсы бастауыш мектеп оқушыларына, әсіресе, 1-сынып оқушыларына өте пайдалы.

«Мектепке дайындық» курсы

"Мектепке дайындық" курсы
«Мектепке дайындық» курсының скриншоты

«Мектепке дайындық» курсының көмегімен бала ойын түрінде негізгі дағдыларды игеріп, шығармашылық қабілеттерін дамытады. Мұндағы сабақтар жадыны, моториканы дамытуға және сөйлеуді, жазуды, сурет салуды үйретуге бағытталған.

Курсты білім беру мекемесінде де, жеке пайдалануға да болады. Сонымен қатар бағдарлама мүмкіндігі шектеулі арнайы педагогикалық көмекті талап ететін балаларды да оқытуға көмектеседі.

«Бастауыш математика» курсы

Бастауыш математика курсы
«Бастауыш математика» курсының скриншоты

Барлық оқушы есеп шығаруды жақсы көреді десек, қателескен болар едік. Бірақ бала атаулының ойынды жақсы көрмеуі мүмкін емес. Егер балаңызды есеп шығаруға қызықтырғыңыз келсе, «Бастауыш математика» курсының ойын түріндегі тапсырмаларын қолданып көруді ұсынамыз. Мұнда аудиоматериалдар, иллюстрациялы тапсырмалар бар. Курстың көмегімен оқушы математикалық білімін ғана емес, логикалық ойлау қабілетін де дамытады.

Айта кеткен жөн, мұндағы тапсырмаларды басып шығаруға болады. Осы арқылы оқушы өз бетінше немесе мұғаліммен, ата-анасымен бірге есеп шығарып, білімін жетілдіре алады.

Imektep.kz cайты

Imektep.kz
Imektep.kz cайтының скриншоты

Imektep.kz cайтында бала қазақ тілі, әдебиеттік оқу, математика, дүниетану, көркем еңбек, музыка пәндері бойынша сабаққа онлайн дайындала алады. Сонымен қатар «Тегін видео» бөлімінде аталған пәндердің видеосабақтарын тамашалауына болады. Сайтта 100-ден астам анимациялық фильм мен ойын топтастырылған. Imektep.kz cайтында бала ойнай отырып, жаңа сабақты қиындықсыз түсіне алады. Бұл оның білімге деген құштарлығын арттырары сөзсіз.

Айта кетейік, Bilimland.kz сайтында оқушы үш тілде де барлық пән бойынша білімін жетілдіре алады.