«Қазгидромет» РМК 8-10 қыркүйек күндеріне арналған ауа райы болжамын жария етті. Мамандардың мәліметінше, антициклонның ықпалынан батыс және оңтүстік облыстарда жаздағыдай жылы және жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Ал Қазақстанның қалған аумағындағы ауа райына Батыс Сібір аудандарынан жылжитын суық атмосфералық фронттар ықпал етеді. Сондықтан солтүстік, орталық және шығыс облыстарда алдағы үш тәулікте күздегідей салқын, жауын-шашынды ауа-райы болады. Ауа температурасы осы кезеңге сай климаттық нормадан 2-4 градусқа төмен болады.
Мамандардың ескертуінше, Қостанай облысында 8 қыркүйек күні түнде 2 градусқа дейін ызғар болады, ал Қызылорда облысының кей жерлерінде 8-9 қыркүйек күні солтүстіктен секундына 20 метрге жететін жел соғып, шаң борайды.
