Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күні БҰҰ Бас Ассамблеясында аталып өтті

БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Мирослав Лайчак өткізген отырыс барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо, сонымен қатар 27 мемлекет және өңірлік топтардың өкілдері сөз сөйледі.

Бүгін біз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күнін атап өту үшін жиналдық. Біз мұндай шараны бұрын да өткіздік. Бірақ бүгін біз бірінші рет жоғары деңгейдегі ресми отырыс форматында кездесіп отырмыз. Біз Қазақстанға осы отырысты ұйымдастыруға көп еңбек сіңіргені үшін алғысымызды білдіруіміз тиіс, — деп мәлімдеді Мирослав Лайчак БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысының ашылуында.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш өз сөзінде ядролық сынақтардың салдарынан болған апаттардың құрбандарын ұмытпауға шақырды. Сонымен қатар ол 2000-нан астам ядролық сынақтардың салдарын әлемнің көптеген өңірлерінің адамдары – Семей мен Қазақстанның тұрғындары, Тынық мұхитының оңтүстік жағындағы аралдар мен Аустралияның оңтүстігіндегі Маралинга-Тьярутьяда тұратын адамдар бастарынан кешіп жатқанын айтты. Бас хатшы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың дереу күшіне енуі үшін барлық күш-жігерді салу қажеттілігіне назар аударды. Бұл құжат қаруды таратпау жөнiндегi мiндеттемелерiне қайшы келетін, ядролық қаруды жасауға, өндiруге және қолдануға немесе оларды иеленуге ұмтылатын мемлекеттер үшiн айтарлықтай кедергi болып табылатыны айтылды.

Қазақстандық суретші, АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков отырыстың арнайы қонағы болды.

Мен ядролық қарудан зардап шеккен және құрбан болған барлық жандардың атынан сөз қозғаймын. Бүгін ядролық сынақтартың салдарынан болған қасіретке толы Қазақстанның тәжірибесін тағы бір еске аламыз, – деп бастады Кәріпбек Күйіков БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзін.

Ол өз ғұмыр жолының тарихын баяндап, өмірінің 25 жылын «қылқаламды тістерімен немесе аяқтарымен ұстай отырып» сүрет салу арқылы ядролық қарусыз әлем үшін күресуге арнағанын атап өтті.

Суретші Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешімі бүкіл әлемге Қазақстанның бейбітшілік пен ізгілік ке құрылған жолын көрсетті және басқа елдерге үлгі болғанын айтты. Ол нақты сегіз мемлекеттің — Мысыр, Үндістан, Иран, Израиль, КХДР, Қытай, Пәкістан және АҚШ-тың тиісті қадамдарына байланысты Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт өз күшіне енетініне орай, оларға табанды талаппен ЯСЖТШ-қа қол қоюға және ратификациялауға шақырды.

Сіздердің әлемді одан әрі жақсартып, өзгертетін уақыттарыңыз келді, — деп мәлімдеді Кәріпбек Күйіков.

Отырыстың басқа қатысушылары, Қазақстанға ядролық қаруды таратпау саласындағы жетекші рөлі үшін алғысын білдіре отырып, бұл мәселені халықаралық қоғамдастықтың басты назарында үнемі ұстаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ядролық қарудан азат әлем құру үшін ядролық сынақтарға жедел түрде тыйым салу шараларына айрықша назар аударылды.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде Қазақстанның ядролық тарихының қайғылы беттерін ядролық қару мен олардың салдары адамзаттың игілікті әрі қауіпсіз болашағымен үйлесімсіздігінің жарқын мысалына теңеді.

Дүниежүзілік қауымдастық өкілдерінің көбі Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қою және ратификациялау арқылы сенімділік пен ізгілік таныта білді. Осындай игілікті әрекеттер әлемді ядролық сынақтардың қауіп-қатерінен түпкiлiктi құтқаруға мүмкіндік береді, — деді Қазақстан елшісі.

1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әлемдегі ауқымы жағынан екінші үлкен ядролық сынақ алаңы саналған Семей полигоны жабылды. Ал 2009 жылы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды — Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күні ретінде бекіткен болатын.

2010 жылдан бастап, осы күн әлемдік деңгейде кеңінен аталып, ал БҰҰ қабырғасында жыл сайын Бас Ассамблея Президентінің төрағалығымен бейресми отырыс өткізіліп отырды.

2017 жылы 30 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Бірінші Комитеті Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнін құрған БҰҰ Бас Ассамблеясының 64/35 қарарын жаңартуды бірауыздан қолдаған болатын.