Ауа райы: Қазақстанның көп бөлігінде жел күшейеді

«Қазгидромет» РМК 2 тамызда Қазақстан аумағында болатын ауа райына қатысты болжамды жария етті.

«Атмосфера таралымдарының өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, бұршақ жаууы мүмкін, оңтүстікте жел күшейіп, шаңды дауыл соғады, түнде және таңертең солтүстікте және орталықта тұман түседі», — делінген хабарламада. Еліміздің басқа өңірлерінде де күн желді болады.

Солтүстік Қазақстан облысында күндіз бұршақ жауып, жел 15-20 м/с-қа күшейеді, түнде және таңертең тұман түседі. Павлодар, Қарағанды облыстарында жел екпіні 18 м/с-қа жетеді, түнде және таңертең тұман түседі. Қостанай, Жамбыл облыстарында 15-жел 20 м/с-қа дейін күшейеді, бұршақ жаууы мүмкін. Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарында да жел күшейеді. Қызылорда облысында шаңды дауыл көтеріледі. Алматы облысында және Маңғыстау облысының кей жерлерінде қатты ыстық болады. Қызылорда, Түркістан облыстарында, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстарында дала өрті қаупі күшейеді.

Синоптиктердің мәліметінше, Ақмола облысының кей жерлерінде бұршақ жауып, солтүстік-шығыстан, кейін оңтүстік-батыстан 15-20 м/с жел соғады. Дауыл болу ықтималдығы — 80-85%.

Астанада 2-3 тамыз күндері күн күркіреп, солтүстік-шығыстан, кейін оңтүстік-батыстан 15 м/с жел соғады. Дауылдың ықтималдығы — 90-95%. Ауа температурасы 22 градус жылы болады.

Алматыда 29 градус ыстық болады.

Бұған дейін «Қазгидромет» тамыз айындағы ауа райына арналған болжамды жария еткен еді.