Әлемнің ең ірі әуе шоуы және дүниежүзінің үздік әуе компанияларына арналған марапат. Baribar.kz тілшісі Air Astana әуе компаниясының қолдауымен Лондонда өткен Airshow 2018 және Skytraх World Airline Awards шараларына қатысты.

Әлемдегі ең үлкен әуе шоуы қалай өтті?

Әдетте діттеген жерімізге ұшу кезінде ұшақтан керемет әсер алмаймыз. Себебі, ол кезде уақыт шектеулі болады. Жақында ғана өткен әуе шоуы көптің көңілінен шыққаны рас. Мұндай көріністі көрген көрермендер соңына дейін таңданысын жасыра алмады. Жаңа үлгідегі әскери ұшақтар мен тікұшақтар әртүрлі бағытта ұшып, жылдамдықтарын көптің алдында сынады. Әр елдің ұшағының үлгісі ерекше маркада жасалған. Бірінің жылдамдығы жоғары болып, зу етіп өте шықса, енді бірі ақырын ұшып, белгілі бір тактиканы ұстану арқылы көрерменді таңғалдырып жатты.

Әуе шоуының ерекшелігі

Airshow 2018 аэроғарыш көрмесі Лондонның шет жағында орналасқан Фарнборо әуежайында өтті. Фарнборо – әлем бойынша ең ірі әрі басты әуе орталығының бірі. Мұнда әскери, азаматтық ұшақтар және тікұшақтардың көрмесі өткізіледі. Көрме екі жыл сайын ұйымдастырылады. Осы жылы әуе шоуына 52 елден 1500 экспонат қатысты. Бұл — Ұлыбританияда өткен әуе шоуларының ең ірі көрмесі. Шоу өткен алаңның көлемі — 70 000 шаршы метр.

Әуе шоуында ұшатын құралдар, аэроғарыштық қозғалтқыштар, ғарыш аппараттары, ғарыш кемесі мен серіктері, оларды дамыту және өндіру, авиациялық техниканы жөндеу және техникалық қызмет көрсету, тарихи маңызы бар әуе кемесінің радиоэлектрондық, авиациялық жер үсті  жабдықтары, ғарыштық зерттеулері көпшілік алдында сыналды.

Air Astana

Әуе шоуында Airbus өнімдері кеңінен ұсынылды. Аталмыш өнімнің тек бір ғана емес, бірден 3 моделін көруге мүмкіндік болды. Флагмандық модель — А-350-1000 (жаңа маркалы); А -330-900 (Әлем бойынша жолаушылардың арасында ең танымал үлгі); А-200-300 (канадалық Bombardier компаниясы шығарады. Бірақ жақында Airbus компаниясы бұл модельді сатып алды).

Әуе шоуының тарихы

Ең алғашқы әуе шоуы 1932 жылдың маусым айында Хендон әуежайында өтті. Мұнда 13 компанияның 30 әуе транспорты және алты компанияның авиациялық жабдықтары ұсынылды.

1932-1936 жылдары Хендон аэродромында бір күнге созылған әуе шоуы өткізілді.

Фарнборо әуежайында (Farnborough Airfield) әуе шоуы 1948 жылдан бері өткізіліп келді. Бұл әуежай барлық талаптарға сай келгендіктен қолайлы деп таңдалған еді, яғни, көлік жолдарының жақсы болуы, сонымен қатар темір жолдан хабар алу мүмкіндігі, қалаға жақын орналасуы әуешоудың болашақта дамуына үлкен мүмкіндік береді деген болжам айтылды. Бұл жылы әуе шоуы бір аптаға созылды. Оған 187 компания қатысып, 70 жаңа ұшақ енгізілді. Содан бастап көрме қоғамдық меншікке айналды.

1966 жылдан бастап еуропалық әуе компаниялары көрмеге қатыса бастады. Көрме 1974 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болды.

1982 жылы өткен әуе шоуының орны ерекше. Себебі, көрмеге 480 экспонат ұсынылды. Боинг 757 және 767, Airbus A310 және қысқа қашықтыққа жолаушылар ұшағының жаңа үлгісі таныстырылды.

2010 жылы Фарнбородағы Халықаралық Aerospace Show-ға 1450 экспонат қатысты. Дәл осы жылы 47 миллиард долларлық келісімшартқа қол қойылды.

Farnborough International Airshow 2012 жылы 72 миллиард АҚШ доллары сомасына 758 ұшақ сатып алу туралы шешім қабылдады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жылы көрмеге 1500-ден астам әуе компаниясы қатысты және 107 мыңнан астам кәсіби келушілер тіркелді. Оның ішінде 46 елден 80 делегат және азаматтық секторда 13 делегация болған. Тұрақ пен көрмеге 153 ұшақ ұсынылды. Сонымен қатар 120 мыңнан астам көрермен шоуды тамашалады.

Іс-шара әуе шоуымен ғана шектеліп қалған жоқ. Келесі күні Air Astana әуе компаниясы үшін ерекше күн болды. Себебі, Skytrax World Airline Awards шарасында компания Орталық Азия мен Үндістанның үздік әуе компаниясы атанды.

Эйр Астана Skytrax World Airline Awards
2017 жыл. «Эйр Астана» Skytrax World Airline Awards cыйлығын алтыншы рет жеңіп алған сәт. Фото: Ханзат Кеңес

Air Astana компаниясы Skytrax World Airline Awards сыйлығын қалай жеңіп алды?

Air Astana әуе компаниясы тағы да 4 жұлдызды рейтингісіне және Skytrax World Airline Awards беделді сыйлығы бойынша «Орталық Азия мен Үндістандағы үздік әуе компаниясы» атағына жетінші рет ие болды. Марапаттау рәсімі 2018 жылдың 17 шілдесінде Лондондағы Langham қонақүйінде өтті.

Skytrax компаниясының әлемдік деңгейі жыл сайын жолаушылардың әуе компания қызметіне пікірлері нәтижесінде анықталады. Осы жылы әлем бойынша 19 миллионнан астам жолаушы сауалнамаға жауап берген. Сауалнамада тіркелу, отырғызу, салон тазалығы мен ыңғайлылығы, тағамдар мен сусындар, ойын-сауық жүйесі мен борттық қызмет көрсетуге баға берілген. Зерттеу 200 ірі халықаралық және шағын жергілікті әуетасымалдаушыларды қамтыған.

Air Astana президенті Питер Фостер:

«Біз үшін осы марапатты алу үлкен құрмет. Біздің жұмысымызға осындай баға беру өте маңызды. Өйткені жолаушыларымыздың дербес таңдауына негізделеді. Біз оларға шын жүректен ризамыз және олармен ұшағымызда әрдайым жүздесуге қуаныштымыз. Сонымен қатар, әуе компания қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Олар әрдайым жоғары сапалы қызмет көрсету үшін күнделікті жұмысында барын салады. Қызмет көрсетудің ең жоғарғы стандарттарына жету үшін жетілдіру жұмыстарын жалғастырамыз”, — деді.

Air Astana әуе компаниясы — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен Ұлыбританиялық BAE Systems-тің бірлескен кәсіпорны. Оның 51%-ы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, ал 49% BAE еншісінде. Air Astana тұрақты рейстерді 2002 жылдың 15 мамырынан бастап орындап келеді. Қазіргі уақытта компания 60-тан астам халықаралық және ішкі рейстерді орындайды. Компанияның әуе паркінде батыс Boeing 767-300ER, Boeing 757-200, Airbus A320, оның ішінде A320neo және Embraer E190 32 ұшағы бар.

Air Astana ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында 2012 жылы алғашқы болып беделді Skytrax халықаралық рейтингтік агенттігінің 4 жұлдызына және «Орталық Азия мен Үндістандағы үздік әуе компания» атағына ие болды. Марапаттар 2013, 2014, 2015, 2016, 2017 және 2018 жылдары қайта табыс етілді. Сонымен қатар әуе компаниясы — TripAdvisor сайтының Travellers’ Choice Awards 2018 сыйлығының «Аймақтық Азия тасымалдаушысы» номинациясының жеңімпазы.