Ақтөбеде нанның бағасы қымбаттады

«Ақтөбе-Нан» зауыты шығаратын бірінші сұрыпты нан қымбаттады. Кешеге дейін бірінші сұрыпты ұннан дайындалған бір бөлке нанның бастапқы бағасы 70 теңге болатын.

Енді бес теңгеге қымбаттады. Дүкендерде үстемемен 80 теңгеге сатылып жатыр деп хабарлайды жергілікті телеарна.

Серіктестік директорының орынбасары Роза Ғабидуллинаның айтуынша, бағаның өсуіне бірінші кезекте ұнның қымбаттауы себеп. Зауыт өкілі нан пісіруге қажетті өзге де шикізаттар – ашытқы, тұз, май бағасының да өскенін алға тартады.

Наубайхананың бірінші сұрыпты ұн қоры таусылуға жақын. Зауыт қызметін тоқтатпау үшін жан-жақтан бидай іздестірген. Қостанайдан әкелінді.

Алайда, еліміздің астықты өңірінде де бидай мен ұн тапшылығы туындап, бағалары өсіп жатыр. Бидайдың тоннасы қыста 53 мың теңге болса, қазір 70 мың теңгеге жеткен.

«Ақтөбе-Нанның» ізінше «Атамекен» ЖШС-і де нан бағасын өсірмек. Зауыттың өтініші қазір қалалық кәсіпкерлік бөлімінде қаралып жатыр.

Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Анар Даржанова қала тұрғындарына нанды ірі супермаркеттерден алуға кеңес береді. Мұндай сауда орындары қалалық әкімдікпен меморандум жасасқаны белгілі. Олар әлеуметтік нан бағасына бір теңгеден артық құн қоса алмайды.