Басты бет / Жаңалықтар /
хайуанаттар бағы, жанат, зоопарк
Фото: Алматы хайуанаттар бағы

Арчи мен Белла ата-ана болды. Алматы хайуанаттар бағында 3 жанат дүниеге келді

Алматы хайуанаттар бағында кейінгі 20 жылға жуық уақыт ішінде алғаш рет шайқағыш жанаттар төлдеді. Арчи мен Белла есімді жанаттар үш күшік әкелген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Алматы хайуанаттар бағының баспасөз қызметінің мәліметінше, шайқағыш жанаттардың күшіктері 27 сәуірде дүниеге келген.

Алғашқы айларда күшіктер анасымен бірге ұяда болып, сыртқа шықпаған. Белла төлдерін ерекше қамқорлықпен бағып, ешкімді жақындатпаған. Қазір күшіктер өсіп, өздігінен қозғала бастаған. Олар үлкен қоршауға шығып, айналаны зерттеп жүр. Әзірге олардың жынысы анықталмағандықтан, есімдері кейінірек қойылады, — делінген хабарламада.

«Жыртқыш сүтқоректілер» бөлімінің жетекшісі Гаухар Сергібаеваның айтуынша, жаңа туған шайқағыш жанаттардың салмағы небәрі 60–70 грамм болады. Олар соқыр әрі саңырау күйде дүниеге келіп, алғашқы апталарда толықтай анасының күтіміне тәуелді болады.

Қазір күшіктер ересек жануарлардың азығына біртіндеп үйреніп келеді. Олардың рационында ет, балық, көкөніс, жеміс-жидек және сүйікті сұлы ботқасы бар, — деді Гаухар Сергібаева.

Шайқағыш жанаттар отбасы хайуанаттар бағының керіктер экспозициясына қарама-қарсы орналасқан «Леопард» аймағындағы жыртқыш аңдарға арналған қоршауда мекендейді.

Алматы хайуанаттар бағы келушілерді жаңа туған күшіктерді тамашалауға шақырып, жануарлардың тыныштығын сақтау олардың денсаулығы мен қалыпты өсіп-жетілуі үшін маңызды екенін ескертті. Мамандар күшіктердің аман-есен өсіп, жетілетініне сенім білдіріп отыр.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook