Премьер-министр Олжас Бектенов Астанада ашылған Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа ғимаратын аралап, білім беру және ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Үкімет басшысы оқу орнында Президент тапсырмаларының орындалу барысын тексеріп, университеттің өңірлік ғылыми-білім беру орталығына айналуы керектігін айтты.
Үкіметтің мәліметінше, сапар барысында Олжас Бектенов жаңа Конституцияда адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде белгіленгенін атап өтті.
Премьер-министрдің айтуынша, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет спорт, білім, медицина және инновацияны біріктіретін осындай ұлттық жоғары оқу орнының іске қосылуы елдің ұзақмерзімді даму бағытын көрсетеді.
Университетте дәстүрлі «Жаттықтырушылық қызмет» және «Спорт ғылымдары» бағдарламаларымен қатар спорттық медицина, спорт журналистикасы, спорт менеджменті, киберспорт, спорттағы жасанды интеллект пен аналитика бағыттары бойынша да мамандар даярланады. Қазір жоғары оқу орны Eklore-ed School of Management, Corvinus University, University of Guglielmo Marconi, Swiss Institute және Hungarian University of Sports Science сияқты халықаралық оқу орындарымен бірлесіп қос диплом бағдарламалары мен академиялық ұтқырлықты дамытып жатыр, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар Xinhua Daily Media Group пен Nanjing Polytechnic Institute қатысуымен спорт журналистикасына арналған медиаорталық құрылып жатыр.
Университетте бірқатар әлеуметтік және ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Құтқару инновациялары және алғашқы көмек орталығында 3,5 мыңнан астам педагог оқытылып, 100-ден астам халықаралық сарапшы-жаттықтырушы даярланған. Сонымен қатар спорттық медицина және оңалту орталығы жұмыс істейді. Мұнда спортшыларды диагностикалау, емдеу және қалпына келтіруге арналған заманауи технологиялар енгізілген, — делінген хабарламада.
Премьер-министрге спортшылардың даярлығын жетілдіруге арналған Smart Performance Assessment, Sport Science Control Center + My KNUS, AI Video Analytics, Smart Table Tennis AI Center, Sport Media Convergence және Smart Golf AI Lab зертханалары таныстырылды.
Бұдан бөлек, университетте жасанды интеллект негізінде орта және егде жастағы азаматтарды бұқаралық спортқа тарту, сонымен бірге жасанды гипоксия технологияларын пайдалана отырып қазақ күресі балуандарының даярлығын жетілдіруге арналған ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатыр.
Сапар қорытындысында Олжас Бектенов Қазақ ұлттық спорт университеті білім мен ғылымды ұштастыратын заманауи өңірлік орталыққа айналуы тиіс екенін айтып, профессорлық-оқытушылық құрамды студенттердің бойына еңбекқорлық пен озық ойлы ұлт құндылықтарын сіңіруге шақырды.
