Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады

Туды көтеру салтанаты дәстүрлі түрде «Атамекен» этномемориалды кешені алаңында өтті. Барша қазақстандықтарды елорданың 20 жылдығымен құттықтап, бүгінгі таңда Астананы дүниежүзінде танымайтын ел жоқ екендігін атап өтті.

«Желбіреген көк туымыздың астында бүгін біздің елордамыздың жиырма жылдық мерейтойына арналған барлық шараларды бастағалы отырмыз. Елордамыздың 20 жылдық мерекесімен шын жүрегімнен баршаларыңызды құттықтаймын. 20 жыл деген тарих үшін қас қағым мезгіл. Барша әлемде екі ғасырдың тоғысында ен далада қала салған жалғыз ел — ол Қазақстан. 20 жылдың ішінде Астанамыз Қазақстанды әлемге паш етті, елордамызда түрлі дүниежүзілік ұйымдардың жиналыстары өткізіліп келеді. Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана — үш ұғымы бірдей. Біздің жалғыз Отанымыз бар — ол Қазақстан. Біздің орындалған арманымыз — ол Тәуелсіздік. Біздің ешбір елдің туына ұқсамайтын көк байрағымыз бар. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, барлық шетелдегі елшіліктерде, үлкен шараларда желбіреп тұр. Біз жылда дәстүр бойынша Астанада Мемлекеттік туды көтеріп келеміз», — деді Президент.

Шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әскери институттары мен академияларының 12 түлегіне офицерлік шен тапсырды.