Өкілдіктің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораз бен ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Арын Берік және облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыс ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен мешіт имамдары қатыстыҚазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістандағы өкілі болып Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы тағайындалды. Жиында облыс әкімі аталған өкілдіктің ашылуы рухани қаланың өміріне айрықша сипат беріп, өнегелі істердің ұйытқысына айналар игі бастама болғалы тұрғанын жеткізді.
«Қасиетті Ислам дінін қадір тұтып, өмірінің басты мақсатына айналдырған өңіріміздің әрбір мұсылманы үшін қуанышты осынау жаңалықпен сіздерді құттықтаймын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті де киелі Түркістанда тұрақты жұмыс жасайтын өкілдігінің ашылуы Ислам дінінің өркендеп өсуіне, діңгегінің нығая түсуіне оң ықпалын тигізетініне біздің сеніміміз мол», — деді Жансейіт Түймебаев.