Димаш Құдайберген

Димаштың танымалдығы өткен жылы Қытайда өткен I am a Singer жобасынан басталды. Отандасымыздың ерекше дауысы мен таланты көрші ел халқын бей-жай қалдырған жоқ.

CCTV арнасы жыл сайын ұйымдастыратын «Top global Chinese music awards» музыка жүлдесінде Димаш екі жыл қатарынан «Жылдың ең танымал әншісі» атанды. Қытайдың ең танымал «Weilbo Awards» марапатында «Музыкадағы жаңа күш» номинациясын, «Fashion Night Gala» марапаттау рәсімінде «Инновация заманының лидері» атағын жеңіп алды.

Сәбина Алтынбекова

2014 жылы Қытайдағы халықаралық ойындардан кейін Сәбина Алтынбекованың танымалдығы артты. Қазақ қызының жанкүйерлері оны «жапондық аниме кейіпкері» деп атап, сұлулығын «Шығыс пен Шығыс Еуропаның тамаша үйлесімі» деп бағалады.

Қазір волейболшы Sabina20 брендтік киімдер желісін шығарады.

Риза Әлімжан

Риза — Қытай киноиндустриясында танымал актриса. Ол осы уақытқа дейін «Бізге ғана мәлім мекен», «Соқыр кино», «Үлкен төбелес», «Сәттілік те өтеді», «Жень Хуан Чуан ғибадатханасы» фильмдеріне түскен.

Арай Айдархан

Қытай қазағы Арай Айдарханның жұлдызын Fujian TV арнасындағы «Sounds of nature» реалити-шоуы жақты. Ол халық әні «Япурай» әнін орындап, залды дүр сілкіндірген болатын.

Арай 2013 жылы «Chian Is Listening» байқауының үздік бестігіне енді.  қытай эстрадасының жұлдызына айналды.

Данияр Толқынұлы

Қытай тележобалары арқылы танымал болған тағы бір қазақ баласы — 13-жасар Данияр Толқынұлы. Ол республикалық «Балалар музыкасы» жобасында «Атамекен-ай» әнін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Берік Ықылас

35-жасар Берік Ықылас The Voice China музыкалық шоуында ел назарын аудартты. Ол жобаның көрмей тыңдау кезеңінде испандардың Señorita әнін орындады. Әншінің талантына тек қазылар алқасы ғана емес, көрермендер де риза болды. Төрт сарапшының үшеуі Берікке бұрылған еді.

Тасқын Табысұлы

2013 жылы өткен The Voice China музыкалық шоуында танылған тағы бір қазақ бар. Ол — Тасқын Табысұлы. Жобаның бірінші кезеңінде ол «Дударай» әнін орындағанда әділ қазылар мен көрермендер көз жастарына ерік берген еді.

Тасқын Табысұлы бұл күнде Қытай астанасы Бейжіңде шығармашылық жолын жалғастырып жатыр.

«Аққу» әжелер ансамблі

Қытай сахнасын тек жастар ғана емес, әжелер де бағындырып жүр. Оның дәлелі — «Аққу» ансамблі. Олар CCTV теларнасы ұйымдастырған Республикалық «Өнерлі қытайлықтар» байқауында ән салып, көрермен көңілінен шықты. Сонымен бірге жүн сабау, сырмақ тігу, жіп иіру көріністерін қойды. Нәтижесінде ансамбль «Өнерлі қытайлықтар» аталымы бойынша марапатталды. Айта кетейік, ансамбльде 65-75 жстағы әжелер өнер көрсетеді.

 

1 пікір

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!