Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін экспорттауға қатысты қолданыстағы шектеулерді ұзартуды көздейтін бұйрық жобасын әзірледі. Құжат «Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» деп аталады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жоба бойынша, 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін бензинді, дизель отынын және жекелеген мұнай өнімдерін автомобиль және теміржол көлігі арқылы Қазақстан аумағынан шығаруға тыйым салу ұсынылып отыр. Бұл шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерге жөнелтілетін жеткізілімдерге де қатысты болады.
Бұдан бөлек, 2027 жылғы 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында ЕАЭО кедендік аумағынан тыс елдерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын экспорттауға да тыйым енгізу жоспарланған.
Ұсынылып отырған шектеулер алты ай мерзіміне есептелген.
Сонымен қатар құжатта бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Атап айтқанда, тыйым гуманитарлық көмек ретінде жөнелтілетін жүктерге және Қазақстан үкіметінің жеке шешімімен жүзеге асырылатын экспортқа қолданылмайды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл шаралар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ішкі нарықты мұнай өнімдерімен тұрақты әрі үздіксіз қамтуға бағытталған.
