Алматы облысында қылмыс 6,8 % азайды

Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов төрағалық етті. Кеңесте облыстық ішкі істер органдарының 2017 жылғы жұмысының қорытындылары мен алдағы міндеттері туралы ІІД бастығы, полиция генерал-майоры М. Ұрұмханов баяндама жасады.

Баяндамашының айтуынша, облыстағы құқықтық тәртіп тұрақты бақылауда. Өткен жылы қылмыс жасау он мың адамға шаққанда 137-ден 126-ға, жалпы саны 6,8 % төмендеген. Қылмыстың ашылу көрсеткіші артқан, соның ішінде ауыр қылмыстарды ашу 63,0 %-тен 65,8%, аса ауыр қылмыс — 92,2-ден 94,7%, тонау 61,5-тен 67,6%, бөтеннің мүлкін ұрлау — 33,7-ден 37,8%-ке өскен. Ведомстволық бағдарлама шеңберінде 13 жедел алдын алу шаралары, атап айтқанда «Мал ұрлығы», «Пәтер», «Ұялы телефон» сияқты көптеген шаралар ұйымдастырылған. Мәлихаттың шешімімен «Малшы-мал иесі-жергілікті атқарушы орган» принципімен үш жақты келісім жасау мен мал жаю ережелерінің жобалары бекітілді. Бұл өз кезегінде мал ұрлығының алдын алуға септесетін болады.

Басқосуда сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашов Елбасының биылғы Жолдауында азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауға, оның үстемдігін қамтамасыз етуге, құқық қорғау қызметін гуманизациялау мақсатында бейнебақылаудың интеллектуалдық жүйесін енгізуге ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Соған сәйкес облыс аумағында сыртқы бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары одан әрі де жалғастырылатынын айтты. Мәселен, Ішкі істер органдарына жұмыс сапасын жоғарылату үшін 2017 жылы 11,9 млрд. теңге бөлінсе, оның 3,2 млрд. теңгесі материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталды. Талдықорған қаласында Кинологиялық қызмет орталығы құрылып, жабдықталды. Ішкі істер саласына басқа да қолдау шаралары тұрақты көрсетіліп келеді.

Жиын соңында жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған аудандық ІІБ, үздік учаскелік полиция, үздік тергеуші және басқа да қатардағы полиция қызметкерлері облыс әкімінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің, облыстық ІІД -нің құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ облыс әкімі А. Баталовтың атына ҚР Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасы берілді.

Дереккөзkazinform.kz