Басты бет / Жаңалықтар /
c4538e615ea61780459653ab0c16eea1 Қазақстан-АҚШ: әріптестіктің басым бағыттары қандай?
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан-АҚШ: әріптестіктің басым бағыттары қандай?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сенаторы Стив Дэйнспен кездесуі Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартты. Кездесу барысында екіжақты саяси және экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, бұрын қол жеткізілген келісімдерді іске асыру, Джексон-Вэник түзетуінің күшін жою мәселесі, сондай-ақ алдағы G20 саммиті қарсаңындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттары талқыланды.

Бұл келіссөздердің Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты мен халықаралық аренадағы ұстанымына ықпалы, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастың даму перспективалары туралы Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы Темірлан Әдуғали айтып берді.

— Сіздің ойыңызша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сенаторы Стив Дэйнспен кездесуі Вашингтонға және халықаралық қауымдастыққа қандай негізгі саяси сигнал береді?

— Бұл кездесу Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси диалогтың күрделі халықаралық жағдайға қарамастан тұрақты түрде дамып келе жатқанын көрсетеді. Вашингтон үшін бұл Қазақстанның экономика, инвестициялар, өңірлік қауіпсіздік және энергетика сияқты бағыттар бойынша өзара тиімді әрі прагматикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдіреді. Ал халықаралық қауымдастық үшін бұл кездесу Қазақстанның барлық негізгі халықаралық серіктестермен сындарлы өзара іс-қимылға негізделген көпвекторлы сыртқы саясатын дәйекті түрде ұстанып отырғанын көрсетеді.

— Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы көпқырлы ынтымақтастықтың қарқынды дамуын жоғары бағалап, әріптестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін атап өтті. Сіздің пікіріңізше, бүгінгі таңда екіжақты қарым-қатынастың қай бағыттарының әлеуеті жоғары?

— Біріншіден, бұл – сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде энергетика, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу салаларындағы жобаларды дамыту.

Ағымдағы жылдың 10 маусымында Астанада Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гордың тең төрағалығымен маңызды минералдар мәселелері бойынша C5+1 диалогы өтті. Кездесу барысында тараптар геологиялық барлау, өндіру, өңдеу және маңызды минералдарды әлемдік нарыққа жеткізу салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Екіншіден, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары. Мысалы, биылғы жылдың маусымында Қазақстан америкалық Firebird және NVIDIA компанияларымен жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған, жалпы құны 10 млрд АҚШ долларын құрайтын келісімдер пакетіне қол қойды. Бұл бастама Екібастұзда Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын қалыптастыру аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында жасанды интеллект, бұлтты сервистер және жаңа буындағы цифрлық өнімдер үшін ірі есептеу кластерін құру жоспарланған.

Сонымен қатар көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, білім беру және ғылыми-техникалық ынтымақтастық салаларында да өзара іс-қимылды кеңейтуге елеулі мүмкіндіктер бар.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қараша айында АҚШ-қа жасаған сапары барысында қол жеткізілген екіжақты келісімдердің сапалы жүзеге асырылуының маңыздылығына тоқталды. Сіздің ойыңызша, тараптардың саяси мәлімдемелерден нақты бірлескен жобаларды іске асыру кезеңіне көшуі қаншалықты маңызды?

— Екіжақты келісімдердің нақты іске асырылуы мемлекетаралық ынтымақтастықтың тиімділігін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі болып табылады. Саяси диалог қажетті негіз қалыптастырғанымен, серіктестіктің орнықтылығы мен одан әрі дамуы инвестициялық жобалардың іске асырылуына, сауда байланыстарының кеңеюіне, технологиялық ынтымақтастықтың дамуына және институционалдық тетіктердің нығаюына тікелей байланысты.

— Кездесу барысында Джексон–Вэник түзетуінің күшін жою мәселесі де талқыланды. Сіздің пікіріңізше, бұл мәселенің түпкілікті шешілуі Қазақстан–АҚШ қатынастарының одан әрі дамуына және экономикалық ынтымақтастықтың кеңеюіне қаншалықты маңызды ықпал етеді?

— Джексон–Вэник түзетуіне қатысты мәселенің шешілуі, ең алдымен, саяси әрі символдық мәнге ие болар еді. Себебі бұл түзету қазіргі Қазақстан–АҚШ қатынастарының сипатына сәйкес келмейтін тарихи сипаттағы норма болып саналады. Түзетудің күшін жою екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Өткен жылдың 15 қаңтарында Сенаттағы тыңдаулар барысында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтонның Қазақстанды нарықтық экономикасы бар ел ретінде мойындағанын және еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі ретінде Джексон–Вэник түзетуіне қатысты барлық талаптарды орындағанын атап өтті.

— Қазақстан Президенті жыл соңында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуды жоспарлап отыр. Сіздің ойыңызша, жоғары деңгейдегі бұл кездесу Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылға қалай әсер етеді және халықаралық аренадағы Қазақстанның саяси беделін нығайтуға қандай ықпал етуі мүмкін?

— Жалпы, жоғары деңгейдегі кез келген кездесу саяси диалогты нығайтуға, өзара сенімді арттыруға және екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібін ілгерілетуге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін мұндай халықаралық алаңдар өңірлік қауіпсіздік, орнықты даму, энергетикалық трансформация және заманауи цифрлық технологиялар салаларындағы бастамаларын ілгерілетуге, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың жауапты әрі сенімді мүшесі ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook