Жайық өңірінің ұстаздар қауымы марапатталды

«Ұстаз – ұлы есім» тақырыбындағы мерекелік шараға білім беру саласының үздіктері, ардагер-ұстаздар, облыстық, қалалық және аудандық білім мекемелерінің басшылары мен жас ұстаздар қатысты.

— Білім күші құдіретті. Ол бар жерде елдің дамуы үздіксіз жүреді. Адам баласы да өмірде өз орнын білім арқылы табады. Ұстаздың қоғам мен адамзат алдындағы еңбегі өлшеусіз. Жас ұрпақтың тәрбиесі мен мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы жұмыстарыңызға толымды табыс тілеймін, — деді өңірдің ұстаздар қауымын мерекемен құттықтаған облыс облыс әкімінің орынбасары Б.Қонысбаева.

Салтанатты шарада Ақсай қаласындағы №6 орта мектептің мұғалімі А.Оспанова, Жәнібек ауданындағы Е.Ниетқалиев атындағы мектептің мұғалімі Е.Есенова, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің оқытушысы А.Қайырлиева, Жаңақала мектеп-гимназиясының мұғалімі С.Аманова, Шыңғырлау орта мектебінің мұғалімі Г.Жұмабаева, дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған облыстық мектеп лицей-интернаты директорының орынбасары О.Бектұрғанов, Қазталов ауданына қарасты Қараөзен мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М. Жанболатов, сервис және жаңа технологиялар колледжінің өндірістік оқыту шебері Н.Нұрғалиева және т.б. БҚО әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Қазталов ауданы Ғ. Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясының мұғалімі Ләззат Есекеноваға ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісі табысталса, білім және ғылым қызметкерлері облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаев, Жәнібек аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Аққу Нұрғалиева, Бөрлі ауданы Ақсай қаласы №3 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Есмағұловалар «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Салтанатты шара барысында «Ұстаздар әулеті» аталымы бойынша Бөкей ордасы ауданынан Сабировтар (әулеттің педагогикалық еңбек өтілі 249 жыл), Тасқала ауданынан Тұрғаналиевтер (196 жыл) және Ақжайық ауданынан Құлбарақовтар (190 жыл) отбасылары жеңімпаз атанып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Тоқтар Ғабдірешұлы