Назым Қызайбай: Елбасымен үшінші рет Олимпиада чемпионы ретінде кездескім келеді

Белгілі боксшы Назым Қызайбай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен үшінші рет кездескісі келеді. Бұл туралы ол бүгін Шаңырақ ықшам ауданындағы Спортта дарынды балаларға арналған Республикалық мектеп-интернат оқушыларымен кездесуде айтты.

Назым

«Бұған дейін Президентпен екі рет кездестім. Біріншісі осы мектеп интернаттың ашылуында, ол кезде 8 сынып оқитынмын. Екіншісі 2015 жылы 8 наурыз қарсаңында Елбасының қабылдауында болдым. Енді үшінші рет Олимпиада чемпионы ретінде кездескім келеді», -дейді боксшы.

Назым Қызайбай

Оның айтуынша қазір Олимпиада лицензиясын алу сынына дайындық үстінде. «Спорт болған соң жеңіс пен жеңілістен тұрады. Бағың мен бабың келіссе жеңіске жетуге болады.  Қазір барынша дайындалып, Олимпиадаға қатысуға, жүлдегер болуға тырысамын. Сол үшін дайындалудамын», -деді ол.

Назым Қызайбай

Еске сала кетейік, Назым Қызайбай 2014 жылы әлем чемпионатында 48 келі салмаққа дейінгі категория бойынша алтын медальға ие болған еді. Бұл қазақстандық боксшы қыздар арасындағы тұңғыш алтын жүлде. Назымның айтуынша әлем чемпионатынан кейін оның өмірі күрт өзгерген.

Назым Қызайбай

«Адамдар көп тани бастады. Телеарналар, газет, журнал, сайттар жиі сұхбаттарға шақыратын болды», дейді әлем чемпионы. Жақында Назым Kaspi Bank-тің жарнамасына түсе бастапты. «Қаһармандар Kaspi-мен бірге» деп аталатын жарнамалық науқанның мақсаты — тек банк өнімін жарнамалау ғана емес, қажырлы еңбегі мен алға ұмтылуға деген құлшынысының арқасында керемет жетістіктерге жеткен қарапайым қазақстандықтарды насихаттау екен. Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша жарнамалық науқанға Марат Жыланбаев, Мақсұт Жұмаев сынды әйгілі спортшылар мен Тұяқ Есқожина сынды 350 баланың анасы қатысқан. «Назым да қазақстандық тұңғыштардың бірі. Оның ерекшелігін ескеріп жарнамалық науқанға шақырдық», — дейді банктің баспасөз қызметі.

Олардың айтуынша Назымның қатысуымен түсірілген ролик телеарналардан көрсетіліп, оны насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізіледі.