Оралда «Жастар – кәсіподақ қозғалысының келешегі» атты форум өтті

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өткен форум жұмысын «БҚО-ның кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы «Келешек» жастар қанаты ұйымдастырды. Белсенді жастар бас қосқан жиынның алғашқы кезеңінде сөз алған облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов өңірдегі аталмыш саланың бүгінгі тынысы-тіршілігінен жиылғандарды хабардар етті. Облыстағы жастар қозғалысының белсенділігін атап өткен Ербол Ғұмарұлы әр саладағы кәсіподақ мүшелерін бірлесе жұмыстануға шақырды.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы облыстық ұйымының төрағасы Марат Даупаев аталмыш ұйымның басты мақсаты – білім саласы қызметкерлерінің құқын қорғау екенін жеткізді.

Мақсатымыз – кәсіподақтағы белсенді жастарды біріктіріп, олардың кәсіподақтың жұмысын дамытуға байланысты ойларын бөлісуіне жағдай жасау. Бұл басқосуға аудандар мен қаладан және түрлі кәсіпорын-мекемелерден жастар өкілдері қатысты. Мұндай форум облысымызда алғаш рет өтуде, – деді БҚО бойынша кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Әсел Балманова.

Алқалы жиынның алғашқы кезеңінде жастар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарымен бөлісті. Ал екінші кезеңде халықаралық дәрежедегі қазақ оқу қауымдастығының тренерлері жастармен «Менің көшбасшы ретіндегі бейнем» тақырыбында коучинг өткізді. Форум соңында белсенділік танытқан жастарға алғыс хаттар тапсырылды.

«Келешек» жастар қанаты «БҚО-ның кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің қолдауымен жыл ішінде бірқатар маңызды шаралар өткізген. Жұмысшы жастар арасындағы алғашқы пікірсайыс турнирі, «Еуразия» демалыс лагеріндегі үлкен форум, қайырымдылық іс-шаралары – солардың бір легі ғана. Енді осы жұмыстарды аудандарда одан әрі жандандыру көзделуде.