Алматыда «Туған жер» бағдарламасын іске асыру жобасы талқыланды

Дөңгелек үстел барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 6 негізгі жобаларының бірі «Туған жер» жобасының Алматы қаласында жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Іс-шараға Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары Наталья Калашникова, Алматы қаласындағы «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Гүлнәр Қоңырова, тарихнама, деректану және заманауи әдіснама бөлімінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай, Сорбонна-Қазақстан институтының Халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, профессор, саяси ғылымдарының докторы Жомарт Симтиков, «Барбанг» күрдтер қауымдастығының президенті Князь Мирзоев, «Абай ақпарат» Қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарым, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов және т.б. ғылыми-сарапшы қоғам өкілдері мен  этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Рухани жаңғырудың «Туған жер» бағдарламасын іске асыруда алдымен ауызша тарихқа бет бұрыс жасау қажет. Алматыда бас қосқан белді ғалымдар да осыны айтты. Олардың сөзінше, америкалық және ағылшындық тарихшылардың тәжірибесін үлгі ету керек.

Осыған орай тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай өз пікірін білдірді.

«Туған жер» бағдарламасының үлкен маңызы бар. Неге десең, мына біз қазақтың жалпы үлкен тарихын жаздық. Ал, енді жеке-жеке мына облыстардың, аудандардың ондағы жаңағы аудандардағы елді мекендердің, ауылдардың тарихы әлі жазылған жоқ», — деді ол.